Зағипа Балиева. Фото: theNews.kz
Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева жұбайы екеуі үш бала асырап алған. Алдағы уақытта тағы бес баланы бауырына басуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Республикалық әкелер форумында белгілі болды деп хабарлайды Baq.kz.
Жетім балалар – қай қоғамның болмасын өзекті мәселесі. Астанада өткен Республикалық әкелер форумында балалар жайы да сөз болды. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда 5 500 000-нан астам бала бар. Олардың 29 000-ы — жетім. Соңғы жылдары елімізде 21 000 бүлдіршін асырап алынды. Елімізде жетімдер саны азайып келе жатқанмен, оларды асырап алғысы келетіндер көбеймей тұр.
«Бала деген – өмірдің гүлі. Көз қуанышымыз, көңіл жұбанышымыз да солар. Қазіргі таңда бүкіл әлемде жетім балалар жағдайы көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Жұбайымыз екеуіміз балалар үйінен үш бала асырап алдық. Кейбіреулер белінен бала сүйе алмағандығынан асырап алса, біздің өзіміз дүниеге әкелген үш баламыз бар, қазір 6 баланы бауырымызға басып отырмыз. Ешкімді бөле-жарып қарамаймыз. Алдағы уақытта тағы бес бала асырап алсақ деген ойымыз бар. Қазақ — жетім-жесірін жылатпаған халық. Ендеше біздің ісіміз барлық отбасыға үлгі болса екен», — дейді парламент мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева.
Қазақстанда балаларды асырап алып жатқандардың барлығы бірдей ел азаматы еместігі де белгілі. Сондықтан, балдырғандарымызды жат елге жібермей, өз қанатымыздың астына алсақ, нұр үстіне нұр.