Ақмола облысы: Бестөбеде халық мәдениет үйіне жиналып, кеніш мәселесін шешуді талап етті

Ақмола облысы Бестөбе ауылының 100-ге жуық тұрғыны 7 маусым күні кешкісін мәдениет үйінде жиналды. Олар жергілікті кеніште өндірісті бастау мәселесі шешілмейінше тарқамайтынын айтты.

Жиналғандар арасында жұмыссыз бос тұрып қалған «Алтыналмас» компаниясының кеншілері де бар. Олар премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға үндеу жолдады. Тұрғындар осындағы шахтаны іске қосып, одан жерасты суын сорғызуды талап етті. Сонымен бірге ауыл маңындағы кен байыту фабрикасын өзге жаққа көшіруді сұрады. Наразылар түн ортасы болса да, орындарынан қозғалмады. Бірі мәдениет сарайының ғимаратында, қалғандары көшеде тұрды. Оқиға орнында билік өкілдері мен тәртіп сақшылары көп жүрді.

Ауылда өндірісті қайта іске қосу мәселесі екі жылдан бері көтеріліп келеді. Жиналғандар үндеуінде жуырда президенттің аймаққа сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев кеніштегі проблеманы шешуді тапсырғанын еске салды.

«Сол кезден бастап Бестөбе тұрғындарымен, кеншілермен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен бес кездесу өтті. Жұмысшылар мен халықтың талап-тілегі әлі орындалмады, шахтадағы су сорылмады. Күннен күнге ондағы су көбейіп жатыр. Біздің ауылға келуіңізді сұраймыз» деді тұрғындар Роман Склярға жолдаған үндеуінде.

– Мәселені шешпейінше тарамаймыз. Шахталарды іске қосуды бүгін шешсек, жақсы болар еді. Егер ол үшін бірнеше күн керек болса, оған да дайынбыз, – деді кейін қуғынға ұшырамас үшін аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін «Алтыналмас» компаниясы кеніш жұмысын тоқтатқан кезде жұмысшылар наурыздың аяғында наразылыққа шыққан болатын. Олар жұмыс орындарын сақтап қалуды, шахталардан су сорғызуды, кенішке жаңа инвестор келгенше қызметкерлерге орташа жалақы төлеп тұруды талап етті.

Шахта 2021 жылғы шілдеде жұмысын тоқтатты. Содан бері 1200 адам жұмыссыз қалды. Алғашында оларға орташа жалақы төленіп келді, биыл қаңтардан бастап төлемдер ең төменгі жалақы дейгейіне дейін азайтылды.

Сол уақыттан бері шахталардағы суды сору тоқтатылған. Компания «суды төгетін жеріміз жоқ» десе, жұмысшылар мұны «халықты алтынды ашық әдіспен өндіруге итермелеу үшін жасалған әрекет» деген.

Былтыр көктемде «Алтыналмас» басшылығы Бестөбедегі шахталар мен зауыттардың жұмысын тоқтатудан басқа амал қалмағанын мәлімдеді. Енді компания екі жолдың бірін таңдауы керек. Бірінші жағдайда шахталар ұзақ жылға консервациялауға қойылады. Тағы бір шешім – жаңа карьер салып, ауылдың бір бөлігін сонда көшіру.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий