Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстаннң Украинаға дәрі-дәрмек пен басқа да гуманитарлық көмек беруге әзір екенін мәлімдеді. Бұл туралы дүйсенбіде кешке Ақорда сайты хабарлады.
«Қазақстан Украина халқына дәрі-дәрмек және басқа да қажетті азық-түлік жағынан гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазіргі уақытта оларды көзделген жерге көлікпен жеткізу жолдары қарастырылып жатыр», – делінген хабарламада.
Тоқаев «Украина дағдарысын өте ауыр» деп санайды.
«Сондықтан бейбіт тұрғындардың бұдан былай жапа шекпеуі және Украина аумағындағы азаматтық инфрақұрылымның толық қирауына жол бермеу үшін қақтығысты бейбіт жолмен шешудің жаңа дипломатиялық мүмкіндіктерін қарастыру керек», — деп мәлімдеген мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Тоқаев бүкіл мемлекеттің «БҰҰ Жарғысындағы нормалар мен қағидаттарды берік ұстануға тиіс екенін айтты».
Бұның алдында, 3 наурызда, Қасым-Жомарт Тоқаев «Владимир Зеленскиймен Украинадағы жағдай туралы сөйлескенін», сол кезде «гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға келіскенін» твиттердегі парақшасында жазған.