Соңғы мәліметтер бойынша Кабул әуежайында адамдарды эвакуациялау кезінде 20 бейбіт тұрғын қаза болған. Осылай деп жексенбі күні НАТО-ның өкілдері хабарлады.
Мәліметке қарағанда, қаза болғандардың бір бөлігі кептеліс кезінде көз жұмса, қалғаны атылған оқтан қайтыс болған. Британ әскери күштері сенбі күні Кабул әуежайында болған кептеліс кезінде жеті ауған азаматы қайтыс болды деп хабарлаған.
Қазір Кабул әуежайы АҚШ әскерінің бақылауында. Бірақ оған кіреберіс жердің бәрін тәліптер қоршап тұр. БАҚ мәліметіне қарағанда, он мыңдаған ауған тұрғындары Кабул әуежайына кіруге әрекет етіп жатыр.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливанның сөзінше, эвакуациялау басталған 14 тамыздан бастап Кабулдан 25 мың босқын шығарылған.
24 тамызда «Үлкен жетілік» ұйымына мүше елдердің лидерлері Ауғанстандағы жағдайды саммитте талқылайды. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мәлімдеді.