АҚШ елшілігі Ресейде теракт болуы мүмкін екенін ескертті

АҚШ елшілі Ресейдегі америкалықтардың барлығына адам көп жиналатын орындардан алшақ жүруге кеңес берді.

АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі жексенбі күні кешке Ресейдегі америкалық азаматтарға сауда орталықтарында, темір жол станцияларында, метро станцияларында және басқа да адам көп жиналатын орындарда теракт болуы мүмкін екенін ескертті. Шабуылдар Ресейдің ірі қалаларында, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте, бұған қоса Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарында болуы мүмкін делінген.

Соңғы апталарда Ресейдің түрлы қалаларында қоғамдық орындарда жарылыс болуы мүмкін екендігі туралы телефон қоңыраулары түскен, бірақ олардың ешқайсы расталмаған.

Бұның алдында АҚШ мемлекеттік департаменті америкалықтарды Ресейге барудан бас тартуға шақырған, бірақ Ресейде жүрген азаматтарын бұл елден кету туралы кеңес айтылмаған. АҚШ Украинадағы азаматтарын елден тезірек кетуге шақырған.

Құрама Штаттардың басшылығы, барлау мәліметтеріне сүйеніп, Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарулы шабуыл жасау жөнінде шешім қабылдаған болуы мүмкін деп есептейді. Дегенмен Вашингтон Кремльді мәселені бейбіт жолмен шешуге көндіргісі келеді.

Жексенбі күні Ақ үйде АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жиналысы өтті. Президент Джо Байден, мемлекеттік хатшы және қорғаныс министрі қатысқан жиында Украинадағы жағдай талқыланды.

АҚШ пен Ұлыбритания Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін екенін бірнеше мәрте ескертті. Ресей бұны жоққа шығарып отыр.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий