АҚШ мемлекеттік хатшысы Гаага сотының Путинді ұстау жөніндегі ордерін орындауға шақырды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Рим мәртебесіне қол қойған және Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың ісіне қатысушы барлық елді Ресей президенті Владимир Путинді қамау жөніндегі ордерді орындауға шақырды. Путин Украинада әскери қылмыс жасады деп күдікке алынған.

Блинкен Сенат отырысында сұрақтарға жауап беріп жатып, «егер Путин Еуроодақ елдеріне барса, ол жақта қамауға алынуы керек пе» деген сұраққа, «Халықаралық қылмыстық соттың әрбір мүшесі өз міндетін атқаруы тиіс», — деп жауап берді.

«Путин АҚШ-қа барса қамауға алынады ма» деген сұраққа Блинкен орыс президентінің жақын күндері Құрама Штатқа бара қоюы екіталай екенін айтып, АҚШ Халықаралық қылмыстық соттың мүшесі емес деді.

Өткен аптада Путин мен Ресейдің балалар құқығы бойынша арнайы өкілі Мария Львова-Белованы қамауға алу жөнінде ордер шыққан. Олар украин балаларын Ресейге заңсыз депортациялады деген күдікке ілінген. Орыс билігі бұл айыптауларды теріске шығарып, Гаага сотын мойындамайтынын мәлімдеді.

Германияның әділет министрі егер Путин еліне келсе, оны ұстап Гаага сотына беретінін мәлімдеген.

Халықаралық қылмыстық сотқа әлемнің 123 елі мүше. Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ секілді ірі мемлекеттер оның ісіне қатысқан емес.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий