Санкциялық тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіліп жатқаны – АҚШ-тың санкциялары мен экспорттық бақылау шараларын тікелей бұзу болып есептеледі. Осылай деп Құрама Штаттардың сауда министрлігінің өкілі Мэттью Аксельрод Астанада журналистермен кездескен кезде айтты.
Оның сөзінше, Украинада соғыс басталғаннан кейін бірқатар тауардың Қазақстанға, одан әрі Ресейге экспорттау күрт өскен.
«Біз қазір айфондор немесе кір жуатын машиналар туралы айтып жатқан жоқпыз. Мәселе Украина аймағында бейбіт тұрғындар мен әскерилерді бомбалау үшін қолданылып жатқан зымырандарды және дрондарды жасауда пайдаланылатын электрондық компоненттер туралы болып жатыр», — деді Аксельрод.
Қазір АҚШ билігі бірінші кезекте зымырандар мен дрондар үшін қажет электрондық схемалар, компьютерлік чиптер секілді тауарларға мән беріп жатыр.
«Біз бұл бойынша қазақ үкіметінің және өнеркәсіп өкілдерімен сөйлесіп жатырмыз. Осыған дейінгі кездесулердің қорытындысы бойынша қазақ тарап бізді түсініп, толық қолдауға дайын деп айта аламын. АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа одағы және басқа елдердің өкілдері бұл компоненттердің Ресейге жеткізілуін тоқтатуға тырысып жатқан әрекетінің нәтижесін көреді деп сенемін», — деді ол.
Аксельродтың сөзінше, осы аптада АҚШ-тың қаржы министрлігінің көмекшісі Элизабет Розенбергпен бірге Орталық Азияның басқа елдеріне, оның ішінде Қырғызстанға баруды жоспарлап жатқанын айтты.
24 сәуірде Астанаға барған Еуропа одағының санкциялар бойынша арнайы өкілі тікелей және жанама түрде соғысқа қажетті тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге жөнелтіліп жатқанын айтқан.
Қазақстан Украинаға басып кірген Мәскеуді ресми түрде айыптамаған, Батыс санкциясына да қосылмаған. Бірақ санкцияны айналып өтетін жол болмайтынын құлағдар еткен.
2023 жылғы наурызда Bloomberg агенттігі Қазақстан 2022 жылы Ресейге құны 3,7 миллион доллар тұратын микрочиптер мен жартылай өткізгіштер сатқанын анықтаған. Бұрын мұндай тауар айналымы 12 мың доллардан аспаған. Қазан айында Bloomberg Еуропа одағынан Қазақстанға экспортталатын сүтсауғыш 633 пайыз көбейгенін айтқан.
2022 жылы тамызда Қазақстан Еуропадан 21,4 миллион долларға мұздатқыш сатып алған. Бұл бұрынғы кезеңдегіден үш есе көп. Қазақстан үкіметінің мәліметтері де мұздатқыш, кіржуғыш, сүтсауғыштар Ресейге көптеп кетіп жатқанын көрсеткен.