Құрама Штаттар Солтүстік Кореяның алты азаматына, бір ресейлікке және тағы бір ресейлік компанияға санкция салды. Олар Пхеньянның қару жасау бағдарламаларына қажетті өнімдерді Ресей мен Қытайдан тасыды деп айыпталды.
КХДР жаңа зымырандар сынап жатқаны мәлім болған уақытта санкция күшейтіліп отыр. Пхеньян соңғы екі аптада екі сынақ өткізген.
«Бүгінгі шешім — Пхеньянның жаппай қырып жоятын қару жасау жөніндегі бағдарламасын дамытуға жол бермеу үшін жасалған АҚШ қадамы», — деді АҚШ қаржы министрінің орынбасары Брайан Нельсон. Оның айтуынша, КХДР шетелдегі өкілдерін қару жасауға қажетті тауарларды заңсыз алу үшін пайдаланып отыр.
Санкциялар АҚШ азаматтары мен компанияларына тізімдегілермен істес болуға тыйым салады.