АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Дэниел Розенблюм құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мұсылман жігіттердің сақалын қырып тастауға мәжбүрлейтінін сынады.
«Полиция азаматтардың сақалын күшпен қырғызып жүр. Америка бұған алаңдап отыр», – деді елші Ташкенттегі баспасөз конференциясында.
Дэниел Розенблюмның айтқандарын Eurasianet басылымы жариялады. АҚШ елшісінің мәлімдеуінше, Өзбекстанда дін еркіндігін бұзатын мұндай әрекеттер бес жылғы реформаның құнын түсіріп жібереді.
Басылым мәліметінше, 2020 жылғы желтоқсанда АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстанды «дін еркіндігі өрескел бұзылатын» елдер тізімінен (Special Watch List) алып тастаған.
Өзбек полициясы сақал қыру науқанын қайта бастағаны туралы мәліметтер 6 мамырда вайнер Әбдірахмон Әбдірахмонов (Abu Vines) Instagram’дағы парағында (1,3 миллион адам жазылған) сақалсыз суретін жариялаған соң кең тарай бастады.
Өзбекстан үкіметі мұндай науқанды бұның алдында бірнеше мәрте өткізген.
«Сақалыңды неге қырып тастадың деп сұрай көрмеңдер. Маған мұндай сауалға жауап беру қиынға түседі. Мұны басынан өткергендер менің не айтқым келгенін түсінеді», – деп жазған вайнер.
Сол күні Facebook қолданушы Мұхаммадюсуф Кобилов сақалды және сақалсыз суреттерін жариялады. Оның айтуынша, бес сағат бұрын ол полицияның аудандық бөліміне барған соң сақалын қырып тастауға мәжбүр болған.
«Полиция бөлімінде сақал қырғыш ұстаған жігіт болды. Ол мені әжетханаға ертіп апарып, сол жерде сақалымды қырып тастады», — деп жазды 26 жастағы Кобилов. Оның айтуынша, полиция бөлімінде сақал қыруға мәжбүр болған тағы он шақты жігіт болған. Талапты орындамағандар он бес тәулікке қамалатынын ескерткен.
Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шохрух Гиясов сақал қыруға мәжбүрлеуге қатысты былай деді:
«Құқық қорғау органдарының қылмыспен күрес және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіп отырған шараларын азаматтардың діни сенімімен байланыстыруға болмайды. Азаматтар конституциялық құқығы бұзылды деп есептесе, белгіленген тәртіппен арыздана алатынын ескертемін».