«Ақша да, тест те сұрамайды». Тәжік-өзбек шекарасындағы бекеттер жұмыс істеп тұр

Тәжік-өзбек шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттері екі жылдан соң бұрынғыша жұмыс істей бастады. Көрші елдер арасындағы шекара 2020 жылғы сәуірде коронавирус пандемиясына байланысты ресми түрде жабылған.

15 наурызда Тұрсынзаде қаласындағы «Пахтаобад» шекара бекетінде адам көп болды. Өзбекстан тұрғыны Абдужаббор Абдуллаев Тәжікстандағы туыстарына бара жатыр. Пандемия кезінде мұндай мүмкіндік болмаған.

«Міне, шекарадан бүгін ғана өттік. Жаңа төлқұжатым бар, шекарадан өткенім туралы құжаттың бір жеріне ғана мөр басылды», — дейді ол.

«Ешқандай кедергі жоқ. Бізден ақша да, ковид-тест те сұрамады. Шынымды айтсам, бұрын 100 сомони бермейінше өткізбейтін еді», — деді қуанышын жасыра алмаған тәжік әйелі Салима Назарова.

Билік Өзбекстанмен шекарада жемқорлық бар дегенді үнемі жоққа шығарып келді.

Тәжікстандағы коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі республикалық штабы 7 наурызда кешке шекара бекеттері қалыпты режимге көшкенін хабарлады.

Республикалық штаб мәліметінше, Тәжікстанға келетін шетел азаматтары коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны туралы куәлік көрсетуі тиіс.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий