Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында көлік өртінің салдарынан денесін күйік шалған екінші бала көз жұмды. Бұл туралы Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева хабарлады.
– Баланың денесінің 80 пайызының күйік шалуына байланысты Әйтеке би ауданының ауруханасына жеткізіліп, сол жерде жансақтау бөлімінде көмек көрсетілген. Оған қаладан медициналық авиация көмегімен құрамында реаниматолог, анестезиолог, травмотолог мамандар бар дәрігерлер тобы жолданды. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай көрсетілген емнің нәтижесі болмай, бала қайтыс болды, – деді Айгүл Күштаева.
Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылы туған бала ауруханаға жеткізілген кезде халі мүшкіл болған. 17 маусымға қараған түні ауруханада көз жұмған.
16 маусымда Әйтеке би ауданының Еңбек ту ауылында аулада тұрған көліктен кенет өрт шығып, ішінде ойнап отырған ағайынды екі баланың денесін күйік шалған еді. Үш жасар бала сол жерде мерт болған.
Қайғылы жағдай болған күні өңірде күн аптап ыстық болған. Бірақ өрттің шығу себебі белгісіз.
Ақтөбе полициясы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция қызметкерлері түсірген суреттен көліктің тек қаңқасы қалғанын көруге болады. Полиция ВАЗ-2106 маркалы автокөліктің неден өртенгенін тексеріп жатыр.
Жаз айларында Қазақстанда өрт жиі болады. Өрттің көбі балалардың жанғыш заттармен ойнауынан шығады. Төтенше жағдай қызметі кішкене балаларды қараусыз қалдырмауға, өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады.