Ақтөбеде абақтыда бір топ тұтқын аштық жариялады

Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды» деп сотталған 48 адам тергеу изоляторында аштық жариялады. Бұл жөнінде сотталушылардың туыстары Азаттыққа хабарлады. Тергеу изоляторы сотталушылар аштық жариялағанын растағанымен, 48 емес, 33 адам үкімге наразылық білдіргенін айтты.

Сотталушылардың туыстарының айтуынша, 14 маусымда 20 шақты адам Ақтөбедегі тергеу изоляторына барып, туыстарының жағдайын білген.

– Балама кіріп шықтым. Денсаулығы жақсы болған. Бір күнде 1,5 келі салмақ тастадым деді. Іште жүрегі қысылғандар да бар деді. Комиссия жүр, қайта-қайта тексеріп жатыр деді. Құрғақ аштық жариялаған, – деді сотталушылардың бірінің туысы Бекзада Мырза Азаттыққа.

Сотталушылардың бірінің туысы Маржан Бақасованың айтуынша, түрмедегілер бірінші инстанцияда шыққан «әділетсіз үкімге» қарсы.

– Олар істі қайта қарауды талап етіп отыр. Өйткені қоғамдық резонанс туғызды деп, судья кінәсіз адамдарды 9-18 жылға соттап тастады. Ана жерде кінәсіз адамдар: жұмыс істеген жүргізушілер, инкассаторлар, директорлар болған. Олар өздерінің кассаға қатысы жоғын дәлелдермен де көрсеткен. Өздері жалданбалы жұмысшы екенін айтты. Алайда сот дәлелдерді ескерген жоқ, – деді ол.

Ол «нағыз кінәлілер шетелде қашып жүргенін, оларға іздеу жарияланғанымен, іс қозғалғанын естімегенін» айтты.

Ақтөбедегі аралас режимдегі № 70 мекемесі үкімге келіспеген 33 адам аштық жариялағанын растады.

«Сотталушыларды Ақтөбе облыстық прокуратурасы мен қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы жеке қабылдады. Қазір төртеуі тамақ іше бастады. 29 адам медицина қызметкерлерінің бақылауында» деп жазылған хабарламада.

Мекеме өкілдерінің айтуынша, тұтқындардың тергеу изоляторы әкімшілігіне шағымы жоқ.

Бұған дейін интернетте сотталушылардың туыстарының президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған видеомәлімдемесі де тараған. Онда олар істі қайта қарап, жақындарын босатуын сұрайды. Бұл іске қатысты құзырлы органдар әзірге реакция білдірмеді.

Былтыр қыркүйекте Ақтөбе соты «қаржы пирамидасын құрды» деп айыпталған 48 адамға 9-18 жыл аралығында түрме жазасын берген. Мамыр ортасында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий