17 наурызда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталғандардың бірі, бірнеше күн бұрын жүрек талмасынан қайтыс болған Еркебұлан Құттыбаевты ақтөбеліктер ақтық сапарға шығарып салды.
Марқұмды білетіндердің сөзінше, Еркебұлан ешқашан денсаулығына шағым айтпаған. 15 наурызда күндіз өз үйінде жүрегі ұстап қалған.
– Кісі бетіне қатты келмейтін, аса сабырлы азамат еді. Тағдырлас болған аз уақыт аралығында біз оның өте еңбекқор, жақындарына қамқор жан екенін білдік. Артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Әкесіз қалған балаларды жылатпай, апелляция алқасы Еркебұланның «КамАЗ-ын» отбасына қайтарады деп үміттенеміз, – дейді Қаңтар бойынша айыпталған 18 азаматтың бірі Асланбек Омаров.
Үш баланың әкесі, 41 жастағы Еркебұлан Құттыбаев биыл ақпанның басында Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталып, тоғыз ай шартты жаза арқалаған. Ол 1 ақпан күні Азаттыққа берген сұхбатында тоғыз айлық шартты жазаға келіспейтінін айтқан.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылғы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде «Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі «террорист» деп айыптап, кейін «кездейсоқ құрбан» ретінде оның отбасына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңге өтемақы берген. «Кездейсоқ құрбандар» тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.