Ақтаудағы «ArcelorMittal Tubular Products Aktau» акционерлік қоғамының жетпістен аса жұмысшысы жалақы көтеруді талап етіп, бес күннен бері жұмысты тоқтатып, ереуілде тұр.
Олар 15 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа видеоүндау жолдап, мәселеге араласуын сұраған.
«Мекеме басшылары талабымыз бойынша оң шешім қабылдамағандықтан бес күннен бері ереуілде тұрмыз. Біз жұмысшылар атынан зауыт басшыларына хат жолдадық. Хатқа жауап бермегендіктен үндеу жолдауды жөн көрдік. Қазір барлық заттың бағасы өсуіне байланысты жалақымызды көтеруіңізді сұраймыз» дейді жұмысшылар үндеуінде.
Аты-жөнін құпия қалдыруды сұраған азаматтың Азаттыққа айтуынша, жұмысшылар наурыздың басынан бері кәсіпорын басшылығынан жалақыны көтеруді ауызша және жазбаша түрде сұрап келеді. «Бірақ өтінішімізді елеген жоқ. Жазған хаттарымызға Қарағандыдағы басшылық («АрселорМиттал Теміртау» компаниясы – ред.) жауап бермеді» дейді ол.
Осыдан кейін, 15 сәуірде жүзге жуық адам жалақының аздығына наразылық білдіріп, жұмысты тоқтатқан.
– Сол күні Теміртаудан екі адам келіп, наразылармен сөйлесті. Олар «жұмыс жүктемесі көбейгенде ғана айлықты көтере аламыз» деп жауап берді. Екі жақ келісе алмай, жиналыстың аяғы айғай-шуға ұласты, – дейді жұмысшылардың бірі.
18 сәуірде ереуіл болып жатқан жерген Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдері келіп, татуластыру комиссиясының жиынын өткізген. Бірақ, жұмысшының сөзінше, компания әкімшілігі наразылар талабын орындауға келіспеген.
Азаттыққа жіберген видеоүндеулердің бірінде осы зауытта 2016 жылдан бері жұмыс істеймін деген Жәнібек есімді азамат «Айлығымыз – 90 мың теңге (200 доллардай). Жартысы кредитке кетеді. Ештеңеге жетпейді. Қымбатшылық. Айлықты 100 пайыз көтерсін. Бес күн болды осында жатқанымызға. Ешкім хабар алып жатқан жоқ бізден» дейді.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы әкімшілігінің аты-жөнін айтпаған өкілі Азаттыққа бұл мәселеден хабардар екенін айтқанымен, жұмысшылар талабы бойынша сұраққа жауап бермеді.
Ал Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы Азаттыққа «қазір кәсіпорында еңбек заңнамасына сай татуластыру комиссиясы құрылып, жұмысшылардың жалақысын көтеру және еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптары қаралып жатқанын» айтты. Инспекция жауабында жұмысшыларға «ереуілдің заңсыз екенін түсіндіру жұмыстары жүргізілді» дейді.
Ресми сайттағы ақпаратқа қарағанда, «ArcelorMittal Tubular Products Aktau» компаниясы – «АрселорМиттал» компаниясының құбыр шығаратын зауыттары құрамына кіреді. «Бұл – диаметрі үлкен болат құбыр шығаратын Қазақстандағы жалғыз зауыт» деп жазылған сайтындағы ақпаратта. Зауыт өнімдері мұнай мен тау-кен өндірісі саласында, жол бойымен су тасымалдауға қолданылады. Зауыт 250 адамға дейін жұмыс істейтін орташа кәсіпорын саналады. 2020-2021 жылдары бюджетке 1,7 миллиард теңге салық төлеген.