Джордж Крол. Фото: time.kz
Астанада өткен брифингте АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол Қазақстандағы билік рұқсат бермей қойған жер мәселесіне қатысты митингілерді ұйымдастыруға АҚШ-тың қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап Азаттық хабарлайды.
«АҚШ-тың митингіге ешқандай қатысы жоқ. Мен бұл жайлы естідім. Біздің, мемлекеттік департаменттің де, АҚШ үкіметінің де бұлармен байланысы жоқ. Бұл Қазақстанның жергілікті ішкі ісі, тіпті бұған қатысты комментарий де айтқым келмейді», — деген Кроул.
Бұған дейін «Еуразия бірінші арнасы» Қазақстандағы үкіметтің жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарына қарсылық митингілері мен жиындарын «мұхиттың ар жағындағы әлдекімдер» ұйымдастырып отыр деп, АҚШ-ты меңзеген хабар таратқан.
Қазақстанның бірнеше облысында сәуірдің соңынан бастап үкіметтің жер реформасына қарсы стихиялық митингілер өткен. Полиция «рұқсат етілмеген жиын ұйымдастырды» деген айыппен 21 мамыр күні ел бойынша мыңнан астам адамды ұстаған. Олардың кейбірі 15 күндік қамау жазасына кесілген.