Вашингтон округінде тұратын екі Қырғызстан азаматы Ресейдің Шешенстан Республикасына заңсыз қару тасымалдады деп айыпталып отыр. Бұл жөнінде Associated Press агенттігіне сілтеме жасап, WJLA басылымы жазады.
Вирджинияның Шығыс округының прокуроры 28 жастағы Тенгиз Сыдыков пен 27 жастағы Эльдар Резванов өткен сейсенбі күні қару-жарақ контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеді.
Оларға қарсы қылмыстық істе ұсталған азаматтар Шешенстанға лицензиясыз 100-ден астам қару-жарақ жібергені айтылған. Пошта қызметкерлері тергеушілерге екі азаматтың күнделікті келіп, заттар жіберіп отырғанын айтқан.
Екі қырғызстандыққа қатысты алдын ала сот тыңдауы 1 наурызға тағайындалған. Егер айыптары дәлелденсе, 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы Қырғызстан елшілігі ақпараттың өтірік-расын анықтап жатыр деп хабарлады.