Ақсуда 11 күн ішінде ұзындығы екі шақырымға жуық су бөгеті құрылды

Апаттың алдын алу бойынша қорғаныс қызметі сақадай сай. Барлығы 2330 адам, 845 техника бірлігі, оның ішінде 45 су техникасы, бір тікұшақтан құрылған 13 жедел әрекет ету тобы құрылды.

 

 

Павлодар облысы Ақсу қаласында су бөгетін тұрғызу бойынша жұмыстар аяқталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Қаршыға Арыновтың айтуынша, су бөгетін құруға күн сайын 12-18 техника бірлігі жұмылдырылады.

«3-12 наурыз аралығында қаланың ескі бөлігінде ұзындығы 1820 метрді құрайтын су бөгеті құрылды. Бөгеттің биіктігі — шамамен 1,5-2,5 метр болса, ені — 3-3,5 метр. Барлығы 43 мың тонна құм төселіп, әрбір 500-600 метр сайын бөгетті күшейтуге арналған қосыша құм жеткізілді. Қала бойынша бөгеттің ұзындығы 3,2 шақырымды, ал Ақсу ауылында 600 метрді құрады», — деді Қ. Арынов.

Шаһар басшысының орынбасары су тасқынына қарсы дамбаны құруға атсалысқан Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазавтоқұрылыс», «AKSU DS Trans Logistik» ЖШС, коммуналдық мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

«Өңіріміздегі апаттың алдын алу бойынша қорғаныс қызметі сақадай сай. Барлығы 2330 адам, 845 техника бірлігі, оның ішінде 45 су техникасы, бір тікұшақтан құрылған 13 жедел әрекет ету тобы құрылды», — деді Павлодар облысы әкімі аппаратының аумақтық қорғаныс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Александр Денисюк.

Абзал Кабдраш

Фото: pavon.kz

 


 

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий