Ақтөбе әкімдігі үйдің сыртына салынған Мұстафа Шоқайдың суретін өшіріп тастады

Батыс-2 ауданындағы тұрғын үй. Фото: ҚазАқпарат.

Алаш арысының өшірілген суреті ақтөбеліктердің ашуына тиді. Тұрғындар биліктен қала көшесіне суреті салынып, 10 күннен кейін өшіріліп тасталынған Мұстафа Шоқайдың бейнесімен ойнамауды талап етеді деп хабарлайды өңір NUR.KZ.

Ақтөбе қаласы «Батыс-2» жаңа ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына салынған Мұстафа Шоқайдың суреті екі аптаға жетпейтін уақыт ішінде өшіріліп тасталынды.

«Құрылыс жүргізіп жатқан компания тұрғын үй қабырғасына Мұстафа Шоқайдың суретін салды. Себебі, ол көшеге Мұстафа Шоқайдың аты берілген. Суретші портретті аяқтап қалған кезде жаңбыр жауған. Салдарынан суреттің бір бөлігінде бүлінген жерлері бар. Суреттің алынуы соған байланысты», — дейді Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Еркін Ордабаев.

Батыс-2 ауданындағы тұрғын үй. Фото: ҚазАқпарат.

Құрылыс бөлімі портретті салуға қанша қаржы жұмсалғанын да білмейтін болып шықты. Бұл мәселені әлеуметтік желіде алғаш болып көтерген Арман Сқабылұлы әкімдіктің жалған ақпарат таратып отырғанын айтады.

«Бүгін Ақтөбенің әкімдігі «суретті жаңбыр шайып кетті» деген ақпарат таратты. Бұл өтірік ақпарат. Аруақпен, оның ішінде Мұстафадай арыстың аруағымен ойнауға болмайды. Әкімдіктің кімнің сөзіне сүйеніп айтып отырғанын білмеймін, өз басым күні бойы суретке тапсырыс берген компанияның басшысын да, оны салған суретшіні де тауып, телефон арқылы тілдестім. Басшы жоғарының тапсырмасымен суреттің салынғанын, солардың бұйрығымен өшірілгенін растаса, суретші бояудың сапалы болғанын, ешқандай жағбырдың оған зақым келтіруі мүмкін еместігін айтты», — деген Арман Сқабылұлы желідегі жазбасында.

Жергілікті билік портреттің өшірілгені сапасыз салынғанынан деп айтқанымен, Мұстафа Шоқайдың бейнесі ол жерге қайта салынатындығы жөнінде күмән келтіріп отыр.

«Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес. Ол кім, айта береді ол кісі. Былай ғой, енді қала құрылысына қатысты кеңесте ол жерге қандай сурет салынатындығы туралы шешім қабылданады. Ол жерге ме, басқа жерге ме қараймыз. Нақты айта алмаймын. Мүмкін сол жерге салынады, мүмкін басқа жерге... Мүмкін қазақтың басқа батыры, Мұстафа Шоқайдың басқа образы салынатын шығар. Әзірге белгісіз. Бұл Ақтөбе қаласының әкімдігінде шешіледі», — дейді Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Еркін Ордабаев.

Сонда қазақтың Мұстафасын өшіруге бұйрық берген кім?

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий