Мәйітхана. Көрнекі фото: Voxpopuli.kz
Туыстары бұл ақпараттың сырғаға қатысты жерін ғана растап отыр.
«Денесін алып, оң жаққа салғанымызда сырғасы жоқ екенін байқадық. Құлағында бұрыңғының алтыны болды. Оны бірнеше жылдан бері шешкен емес. Кейін оны дәрігерлерге де, жұмысшыларына да барып айттық. Ешкім нәтиже шығара алған жоқ. Біреу алып қалып тұр. Үйде оны ешкім қозғаған жоқ», — дейді қайтыс болған әйелдің жолдасы Жайық Боранғалиев.
Халыққа қызмет көрсету орталығында денсаулығы нашарлап, кейін көз жұмған Гүлшара Боранғалиева Ойыл ауданының Көктоғай ауылында тұрған. 50 жастағы әйел адамның 4 баласы бар. Ол ХҚКО-на құжат жасату үшін келген.
«Қалай болғанын білмеймін. Маған өлгеннен кейін ғана хабар жетті. Халыққа қызмет көрсету орталығынан жедел жәрдем шақырылған. Ауруханаға апарған. Қайтыс болғаннан кейін мәйітханаға жіберген. Сол ортада сырға жоғалып тұр. Ақша жоғалған жоқ. Тек сырғаны таппай қалдық. Қайтеміз, ажалы келген шығар. Сырғаны жоқтап, біреумен соттасқалы отырған жоқпыз. Өлген адамның сырғасын шешкен адамда ұят болмаса, біз дауласқалы отырған жоқпыз», — дейді Жайық Боранғалиев.