Ақтөбе облысының тұрғыны әйеліне күштеп хиджаб кигізіп, денесін күйдіріп тастаған

Көрнекі сурет. Фото: islam.kz

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында күйеуінен зорлық көріп отырған келіншекке еш жерден көмек көрсетілмей отыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

«Қандыағаш қаласында күйеуі үнемі қол көтеретін әйелдің туысы көмек сұрады. Әйелдің өзі дәстүрлі емес көзқарастағы ер адамның үстінен шағым түсіруге қорқады екен. Мен өзім ол келіншекке бірнеше рет қоңырау шалуға тырыстым. Бірақ туыстары оның телефонын күйеуі тартып алғанын айтты. Ешкіммен сөйлестірмейді. Келіншек туыстарына «полицияға айтпа» деп жалынған. Туыстары да жағдайдың ушыққанын қаламайды. Полиция біліп қойса, әйелді одан әрі соққаға жыға ма деп қорқып отыр», — дейді полиция инспекторы Марина Нұрымжанова.

Ақтөбелік полиция қызметкерлері әйелді күйеуінен алып кете алмай отырғанын айтты.

«Әйелге күйеуі жұмысқа кеткенде құжаттарын алып, қашып шығуды сұрадық. Астанадан комиссия келіп жатқан кезде де хабарластық. Сол күндері жолдасы жұмыстан сұранып үйінде болған. Не себепті жұмысынан сұранғаны белгісіз. Ол үйіндегі жалғыз асыраушы адам. Әйелін жұмысқа шығармайды. Әйел өзінің еркінен тыс хиджаб киеді. Өзі қаламаса да, күйеуінен таяқ жемеу үшін киюге мәжбүр болған. Туыстарының айтуынша, күйеуі әйелінің денесін күйдіріп тастап, ол ауруханаға да түскен. Біз ауруханадан қашып шығуын сұрадық. Әйел қашып кетуге қорқатынын айтты. Анасының үйіне барғаны да сәтсіз аяқталды. Тағы сол бұзақы күйеуі қыздың шешесі мен туысқандарына қол көтеріп, үйіндегі заттарды сындырып, әйелін алып кеткен»,- дейді полиция инспекторы.

Ол әйеліне қорлық көрсетіп отырған ер адамның әлі күнге дейін жазаланбай отырғанын айтады.

«Мен әлі күнге дейін күйеуінен қашып шығуын сұрап отырмын. Себебі қалада күйеулерінен зәбір көретін әйелдерге арналған орталық ашылғалы жатыр. Бірақ келіншек әлі күнге дейін шешімге келе алмай отыр. Бір айдан аса уақыт өтсе де, келіншек сол күйеуімен тұрып жатыр. Неге әйелдер зәбір көретін адамдармен бірге тұрады? Олар зәбір көріп отырған адамына психологиялық тұрғыдан байланған. Олар өздеріне қол көтеріп отырған адамды қорғайды»,- дейді Марина Нұрымжанова.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий