фото NUR.KZ
24 қазан күні Ақтөбе қаласы 12 мөлтек ауданындағы элиталы үйлердің бірінде қайғылы оқиға тіркелді. 10 қабатты арнайы күзетшісі бар тұрғын үйден үстінде сырт киімі бар кішкентай қыз бала секіріп кеткен деп хабарлайды NUR.KZ.
Биіктіктен қыздың қалай құлағанын көргендер бар. Көмек көрсетуге кеш болған.
«12 мөлтек аудандағы көп қабатты үйдің бірінен кішкентай қыз құлады. 12 жастағы қыздың жағдайы ауыр болды. Темір жол ауруханасына апарып тастадық»,- дейді жедел жәрдем бекеті бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дастан Неталиева.
Оқиға болған жерді құммен жауып тастаған. Баланың бұл әрекетке бару себебі белгісіз. Тосын жағдайдан көршілері шошып қалған.
«Қыз үйдің ауласына құлаған. Біз тек алып бара жатқанын ғана көрдік. Қыздың бетін қан басып кеткен, джинсы шалбары жыртылған. Әкесі мен шешесі қазақтар екенін көрдік. Ойбайлап жүрген шешесі: «Неге олай жасадың?» деп жылап жатты. Әкесі: «Неге секіресің?» деп айқайлап жатқанын естідік», — дейді көршілері.
Қыздың құлағанын бірінші тұрғын үйдің жанында тұрған №3 қалалық емхананың қызметкерлері көрген.
«Оқиға түске дейінгі мезгілде болды. Оның құлап бара жатқанын бірінші аурухана қызметкерлері көрген. Бірнеше дәрігер жүгіріп келді. Сарбаздар келді. Олар қызды көтеріп жедел жәрдем машинасына салып жатты. Кішкентай ғана қыз. Үстінің бәрін қан жуып кеткен. Бала сыртқа шығатын киімімен жатты. Ол балаға не болғанын білмейміз. Мамасы жылап жүрді», — дейді шошып қалған көршілері.
Емхананың жарақат бөліміндегі мамандар да қызға көмек көрсете алмаған.
«Қызметкерлерден естідім, оқиға түске дейінгі мезгілде болған. Өзім көрген жоқпын, бірақ «Қатты биіктен құлаған баланың жағдайы жаман болып кеткен» деп айтып жатты. Оның құлап бара жатқанын ауруханаға емделуге келе жатқан тұрғындардың бірі көрген. Жедел жәрдем шақырылып, бірден іштегі хирургтар жүгіріп барды», — дейді медбикелердің бірі.
Бүлдіршін жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен құтқарып қалу мүмкін болмады.