Нәресте. Көрнекі фото әлеуметтік желіден алынды
«Баламды қайтарып беруді сұраймын» деп полицияға шағым жазған қыздың өзі қылмыстық жауапқа тартылды. Ешқандай туысқаны жоқ қызға көмектескісі келетін құрбысы ақысыз қызмет көрсететін заңгер іздеп жүр.
Ол қыздың өмірі қиын
«Ол қызды автобуста кондуктор болып жүрген кезден танимын. «Баратын жерім жоқ» деп өтінгеннен кейін менің бір бөлмемді жалдап тұрды. 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап менің үйімде. Ол қыздың өмірі қиын. Өзім түсінбеймін. Кезінде анасы басқа адамға тұрмысқа шыққан секілді. Анасы сатып алған үйді әпкесі өзіне аударып алып, сатып жіберген болуы керек. Осындай түсініксіз тұстары бар. Қыз қиыншылық көрген. Жас кезінде де жүкті болып қалған. Баланы туған соң, перзентханаға тастап кеткен. Кейін қайтып барғанында ол бала шетінеп кеткен», — дейді құрбысы Алтын.
Құрбысының айтуынша , Жанар 32 жаста. Қалада туған. Әке-шешесі 18 жасында жол апатынан қайтыс болғаннан кейін жалғыз қалған. Баласын сатқаны үшін қамауға алынған қыз өзінен бірнеше жас кіші жігіттен жүкті болыпты.
Осы жүктілігінде ол жас баламен жүрді
«Осы жүктілігінде ол жас баламен жүрді. Оны өзі айтты. Жас жігіт «бала керек» емес деген. «Өзім үшін туамын» деп миы қатып жүрді. Қиналып жылап жүрген соң «туып ал, өзім шығарып аламын» деп айттым. Бөлмеге де тегін тұр дедім. Оның ішкен бір кесе сорпасынан ортайып қалмаспыз деп жүрдік. Толғағы келгенде жедел жәрдемді мен шақырып, мінгізіп жібердім. Бір танысы қыздың миын айналдырған. Орамалын береміз, баланы бер деп көндірген. Босанғаннан кейін шығарып алуға қашан барамын деп одан хабар күтіп жүрдім», — дейді Алтын.
Құрбысы үйіне баласыз келген.
«Үйге келген соң, баланы беріп жібердім деп қарап тұр. «Есің дұрыс па? Ол зат емес. Хабарласып, балаңды ал» деп ұрыстым. Ол «Сол кезде басым істемей қалды» деді. «Баламды қайтарып алуға көмектесші» деп жылады. Хабарласқан адамы «Баланы кімге бергенімді білмеймін, қайда хабарлассаңдар да өздеріңнің шаруаларың» деп бізбен сөйлеспей қойды. Амал жоқ, полицияға шықтық. Қыз барып арыз жазды. Өзін қамап тастады. Мен де бұл іске қайдан араластым деп отырмын. Ол қызды өзім ұстап бергендей кінәлі сезінем. Оның ешкімі де жоқ. Мүмкіндік болса көмектескім келеді», — дейді ол.
Құрбысы баласын сатып жіберген қыз үшін көмек сұрап отыр.
«Қыздың қолына конвертке салып 30 мың теңгені ұстатып кеткен. Бұл конвертті жыртып, ақшаны санамай қалтасына салған. Оны полицияға барғанда өзі жазып берген. Қыз қазір бесінші түрмеде қамауда отыр. Маған қайта-қайта көмектесші деп хат жазады. Бізге сауатты заңгер керек», — дейді Алтын.