Фото: NIUR.KZ
Оның 31-і ер бала болса, 29-ы қыз бала. Сәбилердің 42-сі қазақ, сегізі орыс, 10-ы өзге ұлт өкілдерінің балалары.
«Балаларды көбіне перзентханалардан әкеледі. Жағдайы жоқ отбасылар балаларын уақытша тапсырады. Ата-аналары ішімдікке салынғандардың балаларын да әкеледі. Балаларын қайтарып алмайтындай қылып тастап кететіндер бар. Балалары туа бітті ақауға, яғни бас миларының өзгерісі, генетикалық өзгерістеріне көз жеткізгендіктен балаларынан бас тартып жатады. Ата-анасы жүйке ауруына шалдыққандардың балалары да әкелінеді. Сонымен қатар, ата-анасына қатысты тергеу, соттылық әрекеттер жүрген кезде олардың балалары мемлекет қарауында болады», — дейді Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері Қадырбек Иманбаев.
Сәбилер үйінде көздерін бір нүктеге қадап, қозғалмай жататын балалар да бар. Денесінен басы үлкен болып өсіп кеткен балалар тек керуетте ғана жатады. Мүгедек балаларға арналған арнайы топта генетикалық аурумен туғандар бар. Көзі жоқ, қолы жетілмей қалған балалар тәрбиешілердің бақылауында. Олардан ата-аналары бас тартқан.
«Ер адамды көргенде балалардың қорқып жылайтын кездері болды»
Қазір балалар үйінің бас дәрігері ретінде ер адам тағайындалған. Ол топқа кіріп келгенде әкелері келгендей қуанған балалар «ағалап» мойнына асылды.
«Бұрын балалармен тек әйел адамдар жұмыс істеді. Мен келгенде бірден үйрене алған жоқ. Ер адамды көргенде балалардың қорқып жылайтын кездері болды. Қазір үйренді, керісінше қуанады», — дейді бас дәрігері Қадырбек Иманбаев.
Аяғынан құшақтап жабысқан балаларды қолына алған дәрігер әрқайсысына көңіл бөліп, қолына алды.
«Ата-аналарға аптасына бір рет балаларымен кездесуге жағдай жасалған. Олардың дені әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты аналар. Жас айырмашылықтары әртүрлі. 40-50 жасқа келген әйелдер де балаларын уақытша тастап кетеді. Үлкен балалары жасөспірімдерді уақытша бақылау орнына қалдырып, кішісін бізге әкеліп жатады. Екі-үш баласы әр жерде жүрген аналар бар. Бірақ, олардың дені әлеуметтік жағдайы төмен, моральдық тұрғыда жапа шеккен адамдар. Ешқандай жерде жұмыс істемейді, кездейсоқ қатынастардан балалы болғандар. Оларда ата-аналық жауапкершілік жоқ», — дейді дәрігер.
Уақытша тастап кеткен аналар арасында баласын көруге келмейтіндер бар
«Әртүрлі ата-ана, әртүрлі бала бар. Кейбір балалар анасына қатты жақындай қоймайды. Кейбірі жақсы көреді. Бұл анасының балаға деген мейірімділігіне байланысты. Бәрі бірдей жүгіріп барып құшақтап не сағынып жатқанын көре алмаймыз. Аптасына бір рет кездесуге рұқсат береміз. Оған да келмей жататын ата-аналар бар. Кеше төрт ата-ана, оның алдындағы аптада оншақтысы келді. Аналары келгенде психологтар қастарында болады. Баланың дамуы туралы айтып отырады. Балалары осы жерде қорлық көріп жатқандай баланың үстін шешіп қарайды. Өздері бізге әкелгенде балалары лас, кір киім, қосымша аурулармен түседі. Ал мұнда аппақ болып жүрген кездің өзінде тексеріп, тырнағын қарап жатады», — дейді дәрігер.
Сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан 22 баладан ата-аналары уақытша бас тартса, 25 баладан аналары мүлдем бас тартқан. Орталықта бір жетім бала және 9 тастанды нәресте жатыр.