Ақтөбеде көлік мінген әйелдерге белгісіз адамдар шабуыл жасап жатыр

Пышақ. Көрнекі фото

Ақтөбелік келіншек өзіне пышақпен қаруланған ер адамның тап бергенін айтуда. Ол басқа қыз-келіншектер сақ болу үшін болған жағдайды жария етуді сұрайды.

«Молдағұлова көшесінде көлікпен келе жатқанымда белгісіз біреу шабуыл жасады. Екі көзім алдымда, жолға қарап келе жаттым. Көлікке біреу кіріп келеді деген ой болған емес. Бағдаршамға тоқтаған кезімде артқы есіктен біреу кіріп келді. Беті адам шошырлық. Мойнын, қолын дәкемен орап алған. Үстінің бәрі қан. Қорқып кеттім. Бірақ, қорыққанымды білдірмей бұрылып: «Қайда барасың?» дегенімді байқамай қалдым. Жемпірінің жеңінен пышағының ұшы көрініп тұрды. Қалай үлгергенімді білмеймін, кілтімді де, сөмкемді де алып шықтым. Бір жігіт келіп көмектесіп, іште отырған адамды сүйреп шығара алмады. Сол кезде өзге көліктегі форма киген жігіт келіп қалды. Форма киген адамды көрген кезде көлікке жабысып отырған ол бірден шықты. Мен қорыққанымнан көлігіме қайта мініп кетіп қалдым», — дейді Раушан Сейсенбаева.

Келіншек оқиғаның таңғы 8-дер шамасында болғанын айтады. Ол баласын мектепке апарып, келе жатқан беті екен.

«Сол жерде тоқтаған полиция қызметкеріне рақмет айтуым керек еді. Бірақ машинама мінген адамның қолындағы пышақтан қорқып, қалай кетіп қалғанымды білмеймін. Қазір таныстарымнан естіп жатырмын бізде осындай оқиғалар көбейіп кеткен. Мен барлық әйелдер есіктерін жауып отырса екен деп ескерту айтқым келеді. Себебі осындай жағдайды тағы бір келіншектен естідім. Көлікпен күйеуін күтіп тұрған кезінде біреу пықашпен келіп ақша сұраған. Осыған ұқсас жағдайлар бізде көбейіп кетті», — дейді ол.

Қазір ақтөбелік келіншектер бірін бірі әлеуметтік желі арқылы сақтандырып жатыр.

«Наркоман сияқты түрлері қорқынышты адамдардың әйелдердің машинасын аңдитыны туралы қазір көп айтып жатыр. Адамдар WhatsApp арқылы бір-біріне ескертулер жасауда. Сіңлімнің құрбысы осындай жағдайдан көтеріліп кетуге дейін барды. Үлкен джип көлігін мініп жүрген қызды ауласының ішінде қылғындырған. Есігінің алдындағы көршілері шығып құтқарып алған. Ол қыз төрт ай бойы ұйықтай алмай, емшілерге барып емделді. Қазір адамдар қоқынышты болып кетті. Кіншкентай нәрсеге адам өлтіріп жатады. Жазда бір әйелді 500 теңге бермегені үшін өлтіріп кеткенін білеміз. Сондықтан қыз-келіншектер көлікке мінгенде есік терезесін жауып жүрсе екен», — дейді ақтөбелік тұрғын Раушан Сейсенбаева.

Nur.kz

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий