Фото: Nur.kz
Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған мекемеде 287 адам тұрып жатыр. Әртүрлі жағдайда келіп түскен олардың тағдырлары да әртүрлі.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
«Мекемеде барлығы 287 адам бар. Бұл жерде тұратындардың көпшілігі түрмеден шыққандар. Олардың үйлері де, зейнетақысы да жоқ. Осында келіп арақ ішеді. Өздерінің үйреніп қалған заңдарын жасайды. Бұл жерде барлық ұлттың адамдары бар. Қазақ, орыс, молдаван, неміс ұлтының өкілдері бар. Мұнда қазақтар аз деп айта алмаймын. Барлық ұлт бірдей. Әртүрлі тағдырмен келетіндер көп», — дейді қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Ермек Бейсқалиев.
Мекемеде 91, 92 жастағы кейуаналар да бар. Ал орталықты паналап жүргендердің ең жасы 30 жастағы мүгедек жігіт.
«Бізге балаларының өздері әкеліп тастап кеткен жақсы адамдар бар. Олар адамдармен көп сөйлеспейді. Іштей қайғырып, тұйық жүреді. Кейін балалары ауруханаға келген адамдай әке-шешелерін көріп кетеді. Адамдар қазір түсініксіз болып барады. Бұл жерде жатқандар үшін барлық жағдай жасалғанымен үйіндегідей болмайды ғой… Қара нанды бөліп жесе де жақыныңның қасында болған жағдай бөлек», — дейді мекеме қызметкері.
Оның айтуынша, мекемеде тұратын мүгедек қария жақында ғана құдаларын қарсы алып, той жасаған.
«Ербол аға шағын кафеде құдаларын қарсы алып, той жасады. Демеушілер қой алып беріп көмектесті. Ол кісі бұл қуанышына көп дайындалды», — дейді мекеме қызметкері.
Қария өзінің мұқтаж екендігіне қарамастан, шамасы келгенше баласының үйлену тойын да жасап бергісі келеді екен. Екі аяғынан айрылған қарияның өзі арбамен жүреді.
«Кезінде ол кісінің жағдайы жақсы болған. Үйін сатып, үлкен қаржымен қалаға келген кезінде бұзақылар ұрып, темір жолдың бойына лақтырып кеткен. Ақшасыз қалып, екі аяғынан айырылып қалған одан өз отбасы да бас тартты»,-дейді мекеме қызметкері.
Баласының абыройын ойлаған қария өз жағдайы туралы айтқысы келген жоқ.