Ақтөбеде «пара бермек болған» прокурор ісі қарала бастады

Ақтөбе қалалық соты «Қазақстан Бас прокуратурасына 40 мың доллар пара бермекші болды» деп айыпталған прокурор Эсентур Қадыровтың ісін қарай бастады. 11 сәуірде өткен алғашқы сот отырысында «Қадыров пара бермекші болған» бас прокуратура қызметкерлерінің де аты аталды.

Мемлекеттік айыптаушының сөзіне қарағанда, 2017 жылғы тамыз айында Қазақстан бас прокуратурасы өз міндетіне салғырт қараған ақтөбелік әріптестерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 371 бабы 2-бөлімі («Салғырттық») бойынша іс қозғаған. Бас прокуратураның бақылауына алынған бұл іс 17 тамыз күні Атырау облысындағы арнайы прокурорға тапсырылған.

— Күдіктілердің бірі — Эсентур Қадыров жауапкершіліктен құтылып, лауазымды қызметке қол жеткізу үшін Ақтөбе облысы прокурорының ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуші аға көмекшісі Айбол Төлегенов арқылы бас прокуратураның ішкі тексерулер департаментіне пара бермек болды, — деді мемлекеттік айыптаушы экс-әріптесі туралы .

Алғашқы сот отырысына «Эсентур Қадыров делдал ретінде пайдаланбақшы болған» Ақтөбе облысы прокурорының ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуші аға көмекшісі Айбол Төлегенов те қатысты. Айбол Төлегеновтің сөзіне қарағанда, ол Ақтөбе облыстық прокуратурасының штатында тұр. Бірақ функциналдық міндеттеріне сай тікелей бас прокуратураға бағынады, яғни, бас прокуратурадағы ішкі тексерулер департаментінің Ақтөбе облысындағы жалғыз өкілі. Ол алғашқы сот отырысына куә ретінде шақырылып, 2017 жылғы 6 қарашадан бастап Эсентур Қадыровтың өзін жиі мазалай бастағанын, пара берудің ауыр қылмыс екенін әріптесіне ескерткенін айтты.

— Эсентур Қадыров 40 мың АҚШ долларын мен арқылы Бас прокуратурадағы ішкі тексерулер департаментінің қызметкері Жукқа бермек болды. Ақтөбе облысы бойынша куратор Жук ол қаржыны Бас прокуратурадағы ішкі тексерулер департаментінің сол кездегі басшысы Бадановқа берсе, қылмыстық жауапкершіліктен құтыламын деп ойлады. Мен Қадыровтан қомақты қаржыны қайдан алғанын сұрадым. Ол ата-анам көмектесті деді. Мен бұл жайтты 8 қараша күні бас прокуратураға хабарладым. 12 қараша күні Эсентур Қадыров менің көлігімде 40 мың доллар пара бергеннен кейін ұсталды, — дейді Айбол Төлегенов.

Алғашқы сот отырысында Эсентур Қадыров өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Қазір үй қамақта отырған прокурорды қорғаушы 3 адвокаттың бірі Жұмабай Арыстанов өз қорғауындағы сотталушының пара беріп жатқан сәтінде ұсталмағанын айтады.

— Қылмыс жасалған кез видеоға түсірілмеген, айғақ болар адамдар да жоқ. Төлегенов «Қадыров параға берді» деген 40 мың АҚШ долларын көлігіне салып алып, бір сағат 50 минут бойы жүрген, криминалистерге бірден бармаған. Қадыровқа арандату жасалған болуы да мүмкін, — дейді адвокат.

36 жастағы Эсентур Кадыровқа қатысты сот отырысы 13 сәуір күні жалғасады. Қылмыстық істі Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ербол Әбдіхалықов қарап жатыр.

centralasian.org

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий