Балалар үйінен шыққан жетім қызды Ақтөбе облысының Жем қаласындағы малшылар ауылда ұстаған. 1996 жылы туылған Марал Бұқашева өзін асырап алған малшының қойын бағып келіпті деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Аяғына жыртық аяқ киімді байлап алып, мал соңында жүрген қызды депутатттар тауып алған болатын. Жетім қыздың құлдықта жүргені туралы облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында Бердібек Сапарбаевтың алдына мәселе қылып, облыстық мәслихат депутаты Асқар Садықов көтерді. Ол облыстағы балалар үйінен шыққан жетімдер тағдырының құлдықта өтіп жатқанын өкінішпен айтты.
«Ол қызды көшеде қаңғып жүрген жерінен тауып алдық. Ембі қаласының депутаты онымен адам шошырлық кейіпте кездескен. Ол маған қыздың азып-тозып құлдықта жүргенін хабарлады. Қыз малшының қойын баққан. Мен ауылдағы әріптесіме қызды полицияға апарып, жағдайын баяндау керектігін айттым. Қызды полицияға апарғанымызбен, олар оны «заңды түрдегі қамқоршысын таптық» деп, қайтадан мал ауылға апарып тастаған. Бұл сұмдық жағдайға бей-жай қарауға болмайтынын айтып, облыс әкімінің алдында көтердім», — дейді облыстық мәслихат депутаты Асқар Садықов.
Депутат жетім қыздың қайтадан мал бағуға барғанын естіп, қызды қамқорлығына алуды ойлап, оны қауіпсіз жерге орналастырған.
«Ол жаққа қайтадан барып, қызды шығарып алдық. Оны жуындырып, ауруханаға жатқыздық. Жайсаңдағы көпсалалы колледжге Жол картасы бағдарламасымен өндірістік тәжірибеден өтуге орналастырдық. Қыздың тағдыры өте аянышты. Ол туа сала тастанды болып, балалар үйіне түскен. Жайсаңда 18 жасқа толғаннан кейін оларды шығарып жібереді. Қамқорлыққа алуға адамдар келіп, мал бағатын жерге алып кетеді. Қызды көргенімде ол адам шошырлық жағдайда болды. Үстіндегі киімі алба-жұлба. Аяғына киген жыртық аяқ киімін бірдеңемен орап алған», — дейді депутат.
Қызды құлдықта ұстағандар оны балалар үйінен қамқорлыққа аламыз деп алып кеткен. Жетім қыз депутатқа малшылардың өзін түнімен зорлайтынын айтып берген.
«Балалар үйінен шыққанда оны қамқорлыққа аламыз деп барлық құжатын реттеп алған. Қызға тиесілі жәрдемақыларды алып отырған. Қыз бала қазір қауіпсіз жерде. Колледжге орналасқаннан кейін қыздың жағдайы жақсарды. Таза киініп жүр. Ең бастысы оны ешкім зорламайды. Мал бағып жүрген жерінде қасындағылар оны зорлап келген», — дейді Асқар Садықов.
Малды ауылды көзімен көрген депутат жағасын ұстап қайтқанын айтады. Ол мал ауылда жетім балалалар үйінен шыққан тағы төр адамның мал бағып жүргенін көрген.
«Ол жақта қыздан бөлек жетімдер үйінен шыққан тағы төрт бала мал бағып жүр.Ақыл естерінде сәл ауытқушылық бар. Бәрінің де қамқорлыққа алынғаны жөнінде құжаттары түгел», — дейді Асқар Садықов.
Депутат жетім қыздың тағдырын облыс әкімінің өзі бақылауға алғанын айтты.
Ақтөбедегі жетімдердің құлдық өміріне қатысты айтылып жүрген бұл алғашқы жағдай емес. Осыған дейін жетімдер үйінде тәрбиеленген Жасұлан Тәндібеков те NUR.kz-ке құлдықта өткен өмірі туралы айтып берген болатын. Ол колледж бітірген жетім балаларды байлар таңдап алып, малдың соңынан салатынын айтқан еді.