Бұл әдіспен алынған арпаның адам денсаулығы үшін де пайдасы зор көрінеді.
Ақтөбеде алғаш рет «Қыпшақ» шаруа қожалығының басшысы Мұхамбетәли Қойшыбаев гидропоника әдісімен мал азығын дайындау игерді. Бұл әдіс мал шаруашылығы үшін өте тиімді, деп жазады businessnews.kz.
Мұхамбетәли Қойшыбаев ешкі бағып, оның сүтінен «қымыз» өндіріп отырған кәсіпкер. Енді жас кәсіпкер тағы бір жобаны қолға алыпты. Гидропоника — өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, яғни қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Мейілінше қысқа мерзімде құнарлы, әрі мол өнім береді.
Мал өсірушілер біледі. Жемге шығын көп кетеді. Ал жем бермесең, малың қоңсыз болады әрі сүт те ала алмайсың.
— Осыдан кейін мал азығын дайындаудың тиімді жолдарын іздей бастадым. Гидропоника әдісімен неге азық дайындамасқа деген ой келді. Ресейдегі ешкі бағатын азаматтардың шаруасын көріп, бұл әдістің тиімділігіне көз жеткіздім, — дейді кәсіпкер.
Мәселен, мұндай әдіс арқылы бір келі арпа алты келі болып өнеді. Кәсіпкер бұрын бір келі арпаны бір ешкіге берсе, енді онымен үш ешкісін тойдыра алады. Әрі бұл құнарлы болғандықтан малдың сүтті әрі етті болуына өте жақсы әсер етеді.
Әзірге мұндай әдіс Ақтөбеде алғаш рет қолға алынып отыр.
Мұқамбетәли Қойшыбаев әкімшілік тарапынан құжаттар мәселесі реттелсе, дайын өнімді сатуға шығаруға болатынын айтады. Қазір гидропоника әдісімен өсірілген арпаның келісі қәзір Ресейде біздің төл ақшамызбен қырық теңге тұрады.
Жалпы, бұл әдіспен алынған арпаның адам денсаулығы үшін де пайдасы зор көрінеді.
Қуат Ақмырзаұлы
Фото:businessnews.kz