Қасиетті Рамазан айында Ақтаудағы №26 «Қарлығаш» бөбекжайында «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» атты жәрмеңкесі өтті. Халықтан түскен 549 220 теңге Астаналық Алима Көпей есімді бір жас бес айлық қызға көмек ретінде берілді. Қазір ол Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында химиотерапия курсынан өтуде.
Дәрігерлер қызды қатерлі ісік дертіне шалдықты деген диагноз қойып отыр және толықтай сауығып кетуіне кепілдік бермеген. Соған қарамастан Алиманың ата-анасы үміт үзбейді және АҚШ, Германия, Испания сияқты елдерге баруға ниетті. Алайда емге жұмсалатын қаржы жүз мың еуродан басталады. Мұндай қомақты қаражатты жинау үшін еліміздің барлық аймақтары қол ұшын созуда. Бұл сауапты істен Ақтаудағы балабақшалар да тыс қалмады.
Ақтау қаласы № 26 «Қарлығаш» бөбекжайының директоры Гүлнар Шынғалиеваның айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қалалық білім бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығы және Ақтау қаласының 55 жылдығына орай қайырымдылық жәрмеңкесі өткізіліп отыр. Оған шаһардағы барлық мемлекеттік балабақшалар қатысты.
«Қазақ әуелден жетімін жылатпаған халық екендігі белгілі. Арамызда жаны жомарт жандар аз емес, қалтасы қалың азаматтар қол ұшын созып жатқандығы қуантады. Сатылымға шығарылған тәттілер, киім-кешектер, әшекей бұйымдарды сатып алуға ата-аналар, балабақша тәрбиешілері мен қала тұрғындары белсенділік танытты. Барынша қаржы жинауға көмектерін аямады және кішкентай Алима қызымыздың сауығып кетуіне шын тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, бұл шараға «Жанель» жекеменшік бөбекжайы да белсенді қатысып, жәрмеңке ұйымдастырды», — деді Гүлнар Шынғалиева.
Айта кету керек, сатылымға шығарылған өнімдерінің дені балабақша тәрбиеленушілерінің қолымен жасалған, атап айтқанда түрлі тоқыма бұйымдары, шашқа тағатын заколка, моншақ, бантик, шұлықтар болды. Сонымен қатар, жасы үлкендер өздерінің қаражатына кондитердік өнімдер (торт, бисквит, бәліш, құймақ), киім-кешектер, кәдесыйлар, ойыншықтарды сатылымға шығарды. Қайырымдылық шараның нәтижесінде 550.000 жуық теңге көмекке мұқтаж отбасының шотына аударылды.
Шара аясында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, жәрмеңкеге белсенді қатысқан балабақша ұжымдарына Ақтау қалалық білім бөлімінің атынан алғыс хаттар табысталды.
Дайындаған Кәмшат Ізбасарова
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы