Агенттік: Нұржан Әлтаев «Атамекеннің» бұрынғы басшысы Мырзахметов ісі бойынша күдікке ілініп отыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 8 маусымда таңертең бұрынғы депутат Нұржан Әлтаевқа қозғалған қылмыстық іске байланысты хабарлама таратты.

«Нұржан Әлтаев еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен парламент мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді» деп жазылған агенттіктің хабарламасында.

Тергеудің болжамынша, «заңға қайшы әрекет» 2018-2020 жылдары болған. Агенттік Әлтаев «Мырзахметовтің мүддесі үшін әрекет етті», «мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен болуы мүмкін» деп болжап отыр.

Бірнеше жыл бұрын мәжілістен қуылған Нұржан Әлтаев кейінгі кезде «Ел тірегі» партиясын құруға әрекеттеніп, билікті жиі сынай бастаған. Соңғы парламент сайлауында өзін-өзі ұсынушы ретінде мәжіліске өтпеген Әлтаев сайлаудағы заңсыздықтар туралы айтқан «Халық парламентіне» мүше болған.

Бір күн бұрын оның ұсталғаны туралы ақпарат тарағанда кейбір белсенділер істен саяси астар іздеген. Әзірге адвокаты немесе жақындары ақпарат құралдарына пікір білдірмеді.

«Атамекеннің» бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов екі ай бұрын мамырдың ортасында қамауға алынған. Ол «алаяқтық жасады», «кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген» деген күдікке ілінген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий