Алматы облысында су шайған бөгет 1 млн-нан астам долларға жөнделіп, биыл іске қосылған (видео)

Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылдық округінің жанында 21 қараша күні түнде бұзылған «Книжевский» су қоймасы биыл ғана пайдалануға берілген. Бұл ақпаратты Жамбыл ауданының әкімдігі таратты.

Әкімдік хабарына қарағанда, «Книжевский» су қоймасы 2019 жылы 454,8 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Ал оның алдында су қоймасын күрделі жөндеу жобасын жасау үшін 28,1 миллион теңге және бөлінген.

Шайылған су қоймасына келген Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаевтың сөзінше, су қоймасын күрделі жөндеуден өткізген «СК Гранд Канал» компаниясы екі жылға кепілдік берген, «сондықтан қалпына келтіру шығындарын «СК Гранд Канал» компаниясы өз мойнына алуға тиіс».

Ақниет Тұматаевтың айтуынша, бөгетті су шайғаны туралы хабар түнгі сағат он бір шамасында түсіп, арнайы техника мен құтқару күштері жұмылдырылған. Төңіректегі ауылдарға қауіп төнбеген, бөгет жанындағы жол үстімен су жүрген.

«Книжевский» су қоймасының бөгетін су шайғаны туралы алғашқы ақпаратты бүгін таңертең төтенше жағдайлар министрлігі таратқан.

«Sputnik Қазақстан» ақпарат агенттігі бөгетті шайып өткен су тасқыны Қарғалы өзені бойында тұрған, қараусыз қалған үй жануарларына арналған «Белый бим» қорасын жартылай бұзғанын, жануарларды құтқарушылар мен еріктілер қауіпсіз жерге шығарғанын хабарлады.

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметіне қарағанда, 4,47 миллион текше метр су жинайтын бөгет жартылай толып тұрған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий