Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптауға қатысты 87 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Бұл жөнінде Алматы қаласы прокуратурасы баспасөз қызметінің Азаттыққа жіберген аудиожауабында айтылған. Дегенмен онда қанша күдікті бар екені және қаншасы қамауға алынғаны жайлы ақпарат жоқ.
«Алматы қаласының құқық қорғау органдары Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау фактілері бойынша 87 қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» деді қалалық прокуратураның баспасөз хатшысы Бауыржан Тілендинов.
Оның айтуынша, прокуратура барлық қылмыстық іс бойынша «толық объективті тергеуді қамтамасыз етіп жатыр».
Осыған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде «азаптауға ұшыраған» он шақты адам Алматы қаласы прокуратурасы алдына жиналып, азаптау фактілерінің дұрыс тексерілмей жатқанына шағымданған. Қаңтар оқиғасына қатысты «жаппай тәртіпсіздік жасау» бабы бойынша күдікке ілінген азаматтар прокуратура өкілдеріне бірнеше талап айтқан: Қаңтар оқиғасына қатысты істерді әділ тергеу, ұсталғандардың азаптау шағымдарын жан-жақты тексеру, 8 қаңтарда күштік құрылымдардың қалалық ауруханадан жаралыларды «ұрлап әкету» ісін тергеу, азаптау бойынша күдікке ілінген күштік құрылым өкілдерін қамауға алу.
Азаттық тілшісі қалалық прокуратураның баспасөз хатшысы Бауыржан Тілендиновтен 14 мамырда «ұсталғандарды азаптау фактілері бойынша қанша күдікті бар және қаншасы қамауға алынды?» деп сұраған еді. Ол «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, ондай ақпаратты қазіргі таңда бере алмаймыз» деп жауап берді.
Алматыда «Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандардың» бір бөлігі 13 мамыр күні де қалалық прокуратураға барған. Наразылар азаптау істерінің «мүлде жылжымай отырғанын» айтады.
– Ешқандай қозғалыс жоқ. Азаптауға қатысты бір адам да қамалған жоқ. Бірақ көп күдіктілерді біліп, танып жатырмыз. Өз басым 8 адамды танимын. Басқа жігіттер де біледі. Бірақ ешқандай әрекет жоқ. Кеше прокуратура өкілдерінің өзі де «біз оларды әзірге қамай алмаймыз, себебі оларға [бұйрықты] жоғарыдағылар берген, ал оларға онан да жоғарыдағылар берген. Ештеңе істей алмаймыз» деп мойындады, – дейді Қаңтар оқиғасы кезінде абақтыда азапталғандардың бірі Ақылжан Қисымбаев сенбі күні Азаттық тілшісіне.
Аталған топтың наразылығына байланысты жауап берген қалалық прокуратура баспасөз хатшысының айтуынша, «прокуратура қызметкерлері әрбір азаматтарды жеке қабылдап, жасалып жатқан шараларды түсіндірген». Медициналық көмекке зәру азаматтарды «денсаулық сақтау басқармасы басшылары келіп, қабылдаған».
Жәбірленушілер бұған дейін де «Азаптау» бабы бойынша қозғалған істер тергеу барысында дәлелденбей, өздерін қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген күдік айтқан. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда болған жүздеген адам өздерінің азапталғаны жайлы айтып, 234 іс қозғалған. Алайда, әзірге күштік құрылымның тек 11 өкілі күдікті деп танылған.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «заңсыз қару-жарақ сақтау» секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.
- Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 5 мамыр күнгі мәлімдемесінде «Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр» деп сынаған.