Алматыдағы «Батырларға тағзым» шеруіне мыңдаған адам қатысты

Қазақстанның мемлекеттік мерекесі – Жеңіс күні Алматыда «Батырларға тағзым» деген атпен шеру өтті. Ресей Украинаға басып кірген соң жұрттың қарсылығына тап болған «Ажалсыз полк» («Бессмертный полк») маршының өзгерген түрі.

Жеңіс күні қарсаңында Ресейде Украинада қаза тапқан Ресей сарбаздарының суретін ұстап шығу жөнінде ұсыныс болған.

Бұл Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды еске алу шараларын өткізетін қоғамдық ұйымдардың наразылығын туғызды. Оның үстіне Украинадаға соғысқа байланысты Ресейде жүріп жатқан пропаганда идеологиясына постсоветтік елдер де араласып кетуі мүмкін деген қауіпті күшейтті.

«Ажалсыз полкқа» қарсылық көп болғандықтан, Қазақстанда «Батырларға тағзым» деп аталатын бөлек шеру өткізу жөнінде шешім қабылданды. 1941-1945 жылдардағы соғыс ардагерлерінің суретін ұстаған мыңдаған адам Алматыдағы Мәдениет және демалыс паркінен 28 панфиловшы паркіне дейін шерулетті.

Қатысушылар Мәңгілік алау жанындағы Даңқ мемориалына гүл қойды, сол арада ардагерлерге мерекелік дастарқан жайылып, концерт ұйымдастырылды.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, паркте кісі қарасы өте көп және екінің бірі үлкен идеологиялық дауға айналған «Георгий лентасын» тағып жүр. Бірақ ешқандай қақтығыс байқалмайды.

Постсоветтік республикаларға ортақ дата – гитлерлік фашимді тізе бүктірген жеңіс күнінің символы сары және қара жолақты лентаны Ресей басқыншылығының белгісі деп санайтындар көп. Сондықтан жыл сайын жеңіс күні қарсаңында постсоветтік елдердің көбінде оны тағуға қарсылық күшейеді.

Әсіресе ақпанда басталған Украина соғысынан бері наразылық арта түскен.

1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 387 соғыс ардагері өмір сүреді. Бір жыл бұрын 665 ардагер болған еді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий