Полицеймен болған жол апаты. Фото: Ғаламтордан алынды
Қайғылы оқиға жайлы қайтыс болған жігіт Гущин Евгенийдің жары Анастасия Гущина айтып берді.
«Жол апаты кешкі сағат 22:00-де болған. Мемлекеттік нөмірі 922 КР 05 көлігінің тізгінінде Талғар қаласының ІІБ қызметкері лейтенант Еламан Төлегенов үлкен жылдамдықпен Қонаев көшесінің бойымен жүйіткіп, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан өте шыққан. Салдарынан үйге қайтып келе жатқан күйеуімді қағып кетіп, Женя көп қан жоғалтып ауруханада бір түн жатып көз жұмды. Жолдасым ешқандай жол ережесін бұзбағанын куәгерлер айтып берді. Бағдаршамның жасыл түсімен жолдың арғы бетіне өтпек болған. Небары 26 жаста, екеуміздің үш жастағы қызымыз бар», — деді жесір қалған келіншек.
Жол апаты және зардап шеккен отбасы. Фото: Ғаламтордан.
Полицей Анастасиядан кешірім сұрап, кінәсін мойындап, жерлеу ақысын түгел төлеп беріпті. Алайда баласын жетім қалдырған полицейді заң бойынша жазалау үшін келіншек прокуратура мен облыстық ІІД арыз жазған.
«Полицей жазадан сытылып кете ме деп қорқам. Себебі, қанша арыз жаздым, бір адам әлі күнге хабарласпады. Мен жұмыс істемеймін. Үйдегі жалғыз асыраушы Евгений еді. Мәселенің бәрі ақшада емес, жол ережесін бұзып, адам өлтірген полицей жазасын алу үшін соңына дейін барамын», — деді Анастасия Гущина.
Алматы облыстық ІІД аталған оқиғаға қатысты жазба түрде пікір білдірді.
«Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық кодекстің 345 бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалып, сот алды тергеу жұмысы облыстық басқармада жүргізілуде», — делінген баспасөз қызметі таратқан хатта.
Алайда, адам өлтірген полицейдің жұмыстан қуылып, я болмаса қамауға алынғаны жөнінінде толық ақпарат бермеді.