Имам Қабылбек Әліпбайұлы некеге отырғанда қалыңдыққа жұбайы беретін мәһр сыйлығына қымбат дүниені сұрамауға шақырды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
«Кейбір қаракөз қарындастарымыз, әсіресе тұрмысқа шыққандары, тұрмысқа шықпағандардың құлағына сыбырлайды екен: «Сен мәһрде сұраған кезде ананы айтып қал, мынан сұрап қал» деп. Бұл — дұрыс емес. Әрине, сұрауға қақысы бар. Бірақ бұл негізгі мәселе емес қой?», — деп сөзін бастады имам.
Ол неке қию кезіндегі оғаш жайттарды тізбектеді.
«Жақында Алматыда жастардың некесін қиятын кезде қарындас үй сұрап тұр. Енді жігітке қарасам, ыңғайсызданып отыр. «Екеулеріңнің онсыз да үйлерің бар, оны не істейсің?» десем, «енді үйім болсын да» дейді. Бір қарындасым некеде «Камри» сұрады. Жігіт «алып беремін, бірақ мына әйелмен ешқашан тұрмаймын» деді. Имамға бәрін болдырмауын сұрады. Жігіт сөзінде тұрып, көліктің кілтін берді. Бірақ неке қиылмады. Қыз қатты өкінді сол жерде. Жігіт «мен саған оны онсыз да алып беретін едім, алайда дүние аңсаған қызбен мен бір шаңырақта тұрғым келмейді» деп жауап берді», — деп мысал келтірді имам.
Имам пайғамбарымыз мәһр кезінде жігітке салмақ салмайтындай сыйлық сұраған қыздарды ақылды деп айтқанын алға тартты.