Скриншот: КТК арнасы
Ауыр соққыдан бесінші сынып оқушысы сол жерде жан тапсырды. Ал жаяу адамды басып өткен жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Сұмдық жол апаты өткен сенбі күні қар аралас жаңбыр жауған кеш қараңғысында болған. Жеткіншек жаяуларға рұқсат етілген жерден жолдың келесі бетіне өтпек болыпты. Алайда жолдағы адамды көрмеген бірінші жүргізуші оны қағып, екіншісі таптап өткен. Басып өткен көлік сол жерден тайып тұрған.
Жазатайым көз жұмған бала анасынан ерте айрылып, әкесінің қолында өскен екен. 5-ші сынып оқушысы былтыр ғана Астанадан Алматыдағы әкесімен бір туған әпкесінің қолына келіпті. Ал ізін суытқан екінші көлік алдын ала болжам бойынша қаладағы такси қызметтерінің біріне қарасты болуы мүмкін. Полиция өкілдері оны бір жарым сағаттан соң ұстаған. Алайда жүргізуші өзіне шаң жуытпады.
Жүргізушінің екеуі де қазір күдікті ретінде қамауға алынған. Олардың нақты кінәсі мен оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл Алматыда жыл басынан бері адам өліміне әкеп соқтырған екінші ірі жол апаты. Екеуінде де оқушылар көз жұмып отыр. Айта кетсек, өткен аптада ғана Айнар Дәулеткелді есімді бірінші сынып оушысы мектеп жанында көлік қағып кетіп, қаза тапқан еді.