Алматылықтар Медициналық сақтандыру қорына 105,5 млрд теңгеден астам жарна адарды

Медициналық сақтандыру қорына МӘМС жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1-шілдесінен 2021 жылдың 15-наурызына дейінгі аралықта 562,8 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

«Жарна көлемі жағынан жинақталған соманың бестен бір бөлігі оңтүстік астанаға тиесілі. Жалпы, осы уақыт аралығында Алматы қаласынан 105,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 81,9 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің жасаған аударымдары. Қалған 23,6 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндердің жарнасы», — деді филиал басшысы.

Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған 198 мыңнан астам адам 412 млн теңге көлемінде БЖТ төлеген.

2019 жылдың басынан бастап енгізілген БЖТ 4 түрлі төлемнен құралған. Биыл БЖТ мөлшері қала тұрғындары үшін – 2917 теңге, ауылдықтар үшін – 1458 теңге. Оның 40% – Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20% – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылса, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.

Естеріңізге сала кетсек, сақтандыру жарнасы Ұлттық банктегі есеп-шотқа түседі. Әрі қарай МӘМС пакеті шеңберінде халыққа көрсетілген медициналық қызмет ақысы ретінде емдеу мекемелеріне аударылады.

Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмек және сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлейді. 2021 жылы Алматы қаласы бойынша 163 клиникамен 186,8 млрд теңгеге келісімшарт бекітілген. Оның 74,9 млрд теңгесі МӘМС пакетіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

Қалған қаражат мемлекеттік тапсырыс шеңберінде атқарылатын тегін медициналық көмек пакетіндегі қызметтерге қарастырылған. Бұл пакеттегі медициналық қызметтер статусына қарамастан, еліміздің барлық азаматтарына тегін көрсетілуі тиіс.

Комментарий (0)
Добавить комментарий