Алтын контрабандасымен күдіктелген ауған саясаткері вице-спикер қызметінен алынды

Тәжікстан арқылы Біріккен Араб Әмірлігіне 90 келі алтын мен 15 млн долларды заңсыз өткізбек болды деп күдікке ілінген ауған саясаткері Мохаммад Мирзо Катавозай Ауғанстан парламентінің вице-спикері қызметінен айрылды.

Ауғанстан парламентінің жаңа вице-спикері болып 8 наурызда Ахмад Жовид Жайхун сайланды. Ауған заңына сәйкес, жылына бір рет парламенттің төрағасы мен орынбасары сайланады.

Наурыз айының басында Тәжікстанның бас прокуратурасы мен Жоғарғы соты шекарадан 90 келі алтын мен 15 млн доллар алып өтпек болған 9 адамның ұсталғанын мәлімдеген.

27 ақпанда Ауғанстанның 1 -каналы тәжік тарапы тәркілеген алтын мен ақшаның Мохаммад Мирзо Катавозайға тиесілі екенін хабарлаған.

Экс-вице-спикердің өзі бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Бірақ ауғанның «Толо» телеканалы 9 наурызда Мирзо Катавозай Тәжікстанның сыртқы істер министрімен кездесіп, алтын мен ақшаны қайтаруын өтінген деп хабарлады.

centralasian.org

Комментарий (0)
Добавить комментарий