«Аманат» партиясы мәжіліс депутаттығына 119 үміткер ұсынды

Биліктің «Аманат» партиясы парламент мәжілісі депутаттығына үміткерлер тізімін жариялады. 90 үміткер партия тізімімен, 29 үміткер бірмантатты округтар бойынша сайлауға түседі. Бұл туралы 7 ақпанда партияның кезектен тыс съезінде мәлім болды.

«AMANAT» құрамы 75 пайызға жаңарды. Бір көшбасшының партиясы көшбасшылар партиясына айналды», — деп мәлімдеді «Аманат» төрағасы Ерлан Қошанов.

Партия тізіміндегі үміткерлер арасында бұрынғы депутаттар, кәсіпкерлер, спортшылар бар. Тізімде Ерлан Қошановтың өзі (мәжіліс спикері), бұрынғы ағарту ісі министрі Асхат Аймағамбетов, депутаттар Айдос Сарым, Константин Авершин, Наталья Дементьева, Айгүл Құспан, Артур Платонов, Альберт Рау, Ерлан Сайыров, Вера Ким, Екатерина Смышляева, спортшылар – Фируза Шарипова, шахматшы Динара Сәдуақасова, гимнаст Әлия Жүсіпова бар. Кәсіпкер Эмин Әскеров, бұрынғы ақпарат вице-министрі Александр Данилов, қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, сонымен бірге Мұрат Әбенов, Ғалым Байтүк, Никита Шаталов та осы партия тізіміне кірді.

Бұрын билік әрекетін жиі сынаған айтыскер ақын Ринат Зайытов та «Аманат» тізімінде бар. 2019 жылғы масумыда президент сайлауынан соң Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы атанған уақытта ондаған адам, соның ішінде Ринат Зайытов ұсталған. Олар сайлау әділ өтпегенін мәлімдеген. Қазір Зайытов Алматыдағы «Алатау» театрының директоры болып істейді.

7 ақпанда билік партиясының съезінде бірмандатты округтар бойынша сайлауға түсетін үміткерлер тізімі де жарияланды. Оған мәжілістің бұрынғы депутаты Нұртай Сәбилянов пен Еділ Жаңбыршин кірді.

Мәжіліс пен мәслихат сайлаулары 19 наурызда өтеді. Сайлауға қатысушыларды тіркеу 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. 21 қаңтарда ОСК парламент сайлауына ресми тіркелген жеті саяси партия қатысатынын мәлімдеді. 98 депутаттың 29-ы бірмандатты округтардан, ал 69-ы партия тізімдерімен парламенттің төменгі палатасына өтеді.

Осы уақытқа дейін Халық партиясы, «Ақ жол», «Байтақ», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, сонымен бірге «Ауыл» партиясы үміткерлерін жариялап үлгерді.

Бірмандаттық округтардан сайлауға түсетінін азаматтық белсенділер де жариялады. Олардың бірқатары тіркеуден өте алмады. Сарапшылардың бірқатары билік белсенді саяси қызметімен көзге түскен тәуелсіз азаматтарды тіркеуге жол бермей отыр деп есептейді.

Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсын еркін және әділетті деп танымады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий