Американские военные на учениях в Польше
Ресей Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деген қауіпке байланысты Америка НАТО-ға мүше елдердің қауіпсіздігін қорғау үшін Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріне 3 мың әскерін жібереді. Бұл туралы CNN телеканалы президент Джо Байденнің әкімшілік өкіліне сілтеме жасап хабарлады.
Бұл мәліметті Пентагонның ресми өкілі растады. Оның сөзінше, президент Джо Байден Құрама Штаттардан Еуропаға 2 мың әскер жөнелтуге бұйрық берген. Олар Польшаға орналастырылады.
Тағы 1 мың америкалық әскер Германиядан Румынияға жөнелтіледі.
Осыған дейін 8500 жауынгер Еуропаға аттануға дайын екенін мәлімдеген.
Бұдан бөлек Ұлыбритания жақын уақытта Польша мен Эстонияға қосымша күштер жөнелтетінін хабарлаған.
АҚШ және оның одақтастары Ресейдің Украинаға қатысты кез-келген агрессиясы шығыс бөлікке НАТО әскерінің көбеюіне әкеледі деп ескерткен. Әскерді Украинаның өзіне жіберу жоспарда жоқ. Пентагон өкілі сәрсенбі күні «америка әскері Украина аймағында соғыспайды» деп тағы қайталады.