American Airlines әуе компаниясы ұшқыштарының кәсіподағы коронавирус эпидемиясына байланысты Қытайға ұшудан бас тартып, сотқа жүгінді. Оларға стюардессалардың кәсіподағы қосылды.
American Airlines — әлемдегі ең ірі авиатасымалдаушы — АҚШ-тың үш әуежайынан күнінен бірнеше мәрте Қытайға рейс жасайды. Сотқа шағымда коронавирус қауіпті екені айтылған. American Airlines 1 ақпаннан бастап Лос-Анджелестен Пекин мен Шанхайға қатынауын доғарады, бірақ Даллас арқылы қатынас үзілген жоқ.
АҚШ-тың United Airlines және Delta сынды әуе компаниялары Қытайға ұшуды сиретті. British Airways, Lufthansa, Virgin Atlantic және Air France Қытайға ұшуды доғарды. Air France компаниясының мұндай шешім қабылдауына экипаж мүшелерінің талабы түрткі болған.
Бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік департаменті америкалықтарды Қытайға бармауға шақырды.