Қарағанды облыстық соты ақпан айында «террористік ұйымға кіруге оқталмақ болды» және «кәмелетке толмағанды террористік ұйымның қатарына тартты» деген айыппен тоғыз жылға сотталған 30 жастағы Жансая Таңатарованың апелляциялық шағымын қарады.
Сот прокурордың шағымын есепке алып, Таңатарованың жаза мерзімін 9 жылдан 10 жылға ұзартты.
Сотталушы Сирияға кетпек болғанын мойындаған. Оның бауыры Жалғас Таңатаров «Жансая кәмелетке толмағанды террористік ұйым қатарына тартты» деген айыппен мүлдем келіспейді деді.
Тергеу мәліметі бойынша, 30 жастағы Жансая Таңатарова «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қатарына қосылып, Сирияға өзімен бірге 17 жастағы күйеуінің туысын алып кетпек болған. Ол Қарағандыдан кетер кезде, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ұстаған.