ҰБТ босатылып, еліміздің кез-келген ЖОО грантқа түсу мүмкіндігіне ие болған Руслан Аймағанбетов сол қуанышын достарымен бөліспек болыпты. Бұл туралы NUR.KZ порталының аймақтағы жергілікті тілшісі хабарлайды.
Екі күн бұрын қатарласының үйіне түскі асқа барған олар дүкеннен қытайдың «биг-бон» лапшасын сатып алып, ауқаттанғандарын айтады. Бір сағат өтпей, кино көріп жатқан жерінде мазасы кетіпті.
«31-ші мамыр күні ҰБТ босатылғанымызды есітіп, досымыздың үйіне түскі асқа бардық. Дүкеннен лапша сатып алып жеп алдық. Бірақ, арадан бір сағатта өткен жоқ, Русланның демі тартылып, аузынан көбік аға бастады», — дейді Русланның сыныптасы Жарқын Мұстафаев.
Достары бірігіп алғашқы көмек те көрсетіпті. Бірі кеудесін басса, екіншісі аяқтарын уқалай бастаған. Шу шашып, өміріне араша болғандарын айтады. Алайда, жедел жәрдем жеткенше құтқара алмадық дейді. Ал дәрігерлер шақыртудан соң 25 минутта келіпті.
«Жедел жәрдем жеткенше Руслан жүріп кеткен. Бірақ оған қарамастан дәрігерлер өкпе, жүрек инфляциясын жасап, қолдан керек көмектерін аямады», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.
Руслан Аймағанбетовтің бар арманы әкесінің ісін жалғастыру болыпты. Тіпті, сабақтан үздік оқушы елден асып, Ресейде өз жобасын қорғап келген. Соның арқасында ҰБТ босатылған түлектердің бірі. Достары «өте ақкөңіл әрі ақылды болды» дейді. Тіс дәрігері болуды мақсат еткен түлек Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсуді көздеп, құжаттарын жинап та қойған.
«Бірақ, сол қуанышына бір ай қалғанда оқыс оқиға болып отыр», — дейді ағасы Бақтыбай Аймағанбетов.
Қазір Русланның соңында ата-анасы, әпкесі мен інісі еңіреп қалды.
Бүгін Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде оның қонақ асы беріліп жатыр. Ал ІІД мамандары сараптама тағайындалып, тексеру жүріп жатқанын айтты.