Алина Ли – алғашқы қазақстандық Bite Me Lingerie (Тістеп ал мені – авт.) деп аталатын әйелдер іш киімдері брендінің негізін қалаушы. Алина екі жыл бұрын халықаралық компаниядағы сарапшылық қызметін тастап, біржола осы кәсіпке бет бұрды.
Алина Ли. Фото: hommes.kz
Оның алдағы жоспары Алматы мен Дубайда дүкендер желісін ашу. Иә, дәл сол Дубайда. Неге десеңіз, араб әйелдері қазақстандық іш киімдерге жиі тапсырыс беретін көрінеді. Бұл туралы кәсіпкер hommes.kz порталына берген сұхбатында айтып берді.
— Алина, неліктен сіз іш киімдер кәсібін таңдадыңыз?
— Мен бір күні жаңалықтардан Қазақстанға шілтерден тігілген іш киімдерді импорттауға тыйым салынғанын естідім. Содан маған неге өзіміз тікпеске деген ой келді.
— Сіз өз тауарларыңызды қалай жарнамалайсыз?
— Мен бас кезінде комплекттерімді Инстаграмдағы танымал аруларға тараттым.
— Сонда олар іш киіммен түскен фотоларын жариялады ма?
— Жо-жоқ. Қазақстанда біреу жартылай жалаңаш суретке түссе, оны жерден алып жерге салады емес пе? Маған ондай артық әңгіменің керегі жоқ. Менің тауарымды жарнамалайтын модельдерім бар. Маған денесі мінсіз, сымбатты бойжеткендер көмектеседі.
— Қазақстандық әйелдер сексуалды болуы тиіс пе?
— Иә, әрине. Менің клиенттерімнің арасында өз күйеуін таң қалдырғысы келетін тұрмыстағы келіншектер өте көп. Маған келетін хаттардың ішінде: «Алина, жақында біздің үйленгенімізге бір жыл болады. Саған бір комплектке тапсырыс берсем..» деген тілектер жиі кездеседі. Тіпті, Ресей, Беларуссия, Украина, Англия, Араб әмірліктерінен әйелдер тапсырыс жасайды.
— Солай ма? Араб әйелдері де қазақстандық іш киімге қызыға ма?
— Иә, олар да күйеулерін таң қалдырғанды жақсы көреді, жабық киімдерінің ішінен әдемі көз тартарлық іш киім киеді. Біз таяуда Дубайдан шоурум ашпақшымыз. Менің Әмірліктерде өз өкілім бар. Ол қазір сол жұмыстармен айналысуда.
Кәсіпкердің шілтерден тігілген іш киімдердің бағасы 22 мың теңгеден 38 мың теңге аралығында.