Бүркіт Мамырбаев. Фото: Замана
«Мен ұзақ жылдар лауазымды қызмет атқарып, елге қызмет еттім. Балалар Ресейге кетіп қалғандықтан туысқандардың үйінде жүріп едім. Біреулер Қарттар үйінде барлық жағдайың жасалады деген соң 2014-жылы осы жерден қоныс таптым. Расында жақсы екен. Тегін тамақ, таза төсек-орын. Сырқаттансаң тегін ем жасайды. Жылына демалыс орындарына да жіберіп тұрады. Әулиелі жерлерге зиярат жасаймыз», – дейді Бүркіт Мамырбаев есімді қария.
Инженер-энергетик мамандығын алған Бүркіт Мамырбаев орыс сыныбын бітіріп, Алматыда жоғары білім алады.
«Үлкен зауыттарда, мекемелерде цех, басқарма бастығы қызметтерін атқардым. Бірақ отбасылық тәрбием қазақша болды. Өзім орыс қызына үйлендім. Үйленерде ата-анама келіндеріңіз қазаққа айналады дедім. Бүгінде ел тәуелсіздік алғанына 25 жыл толса да бір ауыз мемлекеттік тілді білмейтін қазақ шенеуніктер толып жүр. Менің әйелім үйге келгеннен соң екі күнде шай ішесіз бе деген сөзді үйренді. Қазақша-орысша сөздік әкеліп бердім. Соның арқасында 2-3 айда сексен пайыз қазақша сөйлейтін болды. Ислам дінін қабылдады. Сәлем салып, үлкеннің де, кішінің де есімін атамай, ат тергеуді үйренді», — деп есіне алды ол.
Зейнеткер әйелі балаларымен бірге Ресейге кетіп қалғанын айтуда.
«Басқа ұлттың қыз-жігіттерінің басы алтын, ақылды болғанымен өз қазағыңа жетпейді екен. Осыны кейінгі жастар білсе деймін. Мен қызметте жүргенде әйелім қазаққа айналды. Бірақ тоқсаныншы жылдары елдің барлығы мойындарына ала дорба арқалап, күнкөріс қамына түскенде әйелім де сол жолды таңдады. Ақыры балаларды алып Ресейге кетіп тынды. Егер ол қазақ болғанда туған жерден кетпес еді ғой. Мен қазақ болам, ислам дінін қабылдаймын деп сөз берген басқа ұлттың өкіліне үйленіп қателестім. Қазір балаларым Ресейде, көп араласпаймыз», — деп күйінді ақсақал.
Қария туған-туыстарына салмақ болғысы келмей, қарттар үйіне орналасуды жөн санаған.
«Жасым 78-де болғандықтан мені барлығы сыйлайды. Өзіме жеке бөлме берілді. Күніге төрт рет тамақтанамыз. Барлығы тегін болғандықтан зейнетақым жиналып жатыр. Орталықтағы мәдени-тұрмыстық комиссияның мүшесімін. Барлық жағдайым жақсы, соған қарамастан, бұл жердің соңғы қариясы мен болайын деген тілек айтқым келеді. Әр қария өз отбасында, немерелерінің ортасында отырғаны дұрыс қой. Кейде әйелді өзіміздің қазақтан алғанымда бүгін мен осы жерде отырмас едім-ау деген ой келеді. Сондықтан болашағын ойлаған жастар қазақ қызына үйленіп, қазаққа тұрмысқа шықсын дегім келеді», — деп ақылын айтты Бүркіт Мамырбаев.