Ашғабадтың Багтыярлык ауданының полиция бөлімшесі мұғалімнің улануына байланысты оқиғаны тексеріп жатыр.
Азаттықтың түркімен қызметінің дереккөзіне қарағанда, екі мектеп түлегі мұғалімнің тамағына ыдыс жуатын сұйық сабын қосып жіберген.
Оқиға 15 маусымда мектеп бітірушілерге арналған емтихан кезінде болған. «Оқушылар өздеріне азық-түлік пен Кока-Кола сусынын әкелуді бұйырған мұғалімді осылай жазаламақ болған» дейді дереккөз.
Мектеп қызметкері де тілшіге оқиғаны растаған. Емтиханнан кейін жайылған дастарханда тамақ ішіп отырған мұғалімнің жағдайы күрт нашарлаған. Оны бірден жедел-жәрдем алып кеткен.
Осыдан кейін мектеп басшылығын полицияға шақырған. Кейін белгілі болғандай, оқушылардың бәрі сынып жетекшісіне азық-түлік сатып алу үшін ақша жинаған. Екі ер бала ақшаны алып, дүкенге кеткен. Қазір осы екеуі күдікке ілінген. Біреуін емтиханнан шыққан соң, әскерге алып кеткен.
Тілшінің хабарлауынша, аталған мектепте тағы бір коррупциялық жағдай орын алған. Бұл жайында мектеп бітірушілердің бірінің ата-анасы айтқан.
«21 маусым кешкісін мектеп бітірушілерге орта мектепті бітіргені жөніндегі куәлік табыс етті. Оған арнайы салтанатты шара ұйымдастырылды. Шығынның бәрін мектеп түлектері көтерген. Ақша төлей алмағандарды ол шараға шақырмаған. Келесі күні мектептен келіп, куәліктерін алып кеткен», — дейді ата-аналардың бірі.