Астана БАҚ туралы «жаңа» заңның қабылдануына қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді

Астана ішкі саясат басқармасы «БАҚ туралы» үкімет дайындаған жаңа заң жобасының қабылдануына қарсы акция өткізуге рұқсат бермеді.

Журналистер мен құқық қорғаушылардың пікірінше, заң жобасы мемлекеттік БАҚ-ты бақылауда ұстап отыруын күшейтеді. «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық ұйым заңгері Гүлмира Біржанова жұмыс тобының мүшелері 18 ақпанда астанадағы цирк алдында 200 адамдық митинг өткізетінін қала билігіне ескерткен. Сәрсенбі күні кешке әкімшіліктен жауап келген.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қол қойған жауапта митинг өткізуге рұқсат бермеу себебі бейбіт жиындар туралы заңның 14-бабының 1-тармағы 10-тармақшасымен түсіндірілген. Заңның бұл бабында сол күні дәл сол жерде басқа бір шара немесе құрылыс жұмыстары жоспарланса, онда митинг өткізуге рұқсат берілмейтіні айтылған.

«Біз осы митингіде президентке үндеу оқып, оны ресми түрде жолдағымыз келген. Оған журналистер, жұмыс тобының мүшелері қатысып, «БАҚ туралы» заң жобасымен келіспейтінін айтар еді», — дейді Гүлмира Біржанова.

Биыл қаңтар айының аяғында Қазақстанда үкімет дайындаған «БАҚ туралы» заң жобсын талқылау аяқталды. Журналистер мен медиазаңгерлер бірнеше ай бойы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде құрылған жұмыс тобына қатысып, ұсыныстарын айтқан. Бірақ сала өкілдерінің талап-ұсынысы ескерілмеген.

Заң жобасына сәйкес, журналист мәртебесі баспасөз картасымен расталады. Енді бұл картаны министрлік жанындағы комиссия береді. Карта алу үшін журналистің кемі үш жыл еңбек тәжірибесі, журналистика немесе соған ұқсас салада жоғары білімі болуы шарт. Дипломы жоқ адамдар салада кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі керек.

Даулы заң жобасыбиыл көктемде, 19 наурызда парламент сайлауы өтіп, төменгі палатаның жаңа құрамы жасақталған соң, заң шығарушы органда талқылануы мүмкін.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий