Астана соты Қазақстан ІІМ-ін сотқа берген қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмады

Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің өзі туралы таратқан ақпаратын шындыққа сәйкес келмейді деп танып, кешірім сұрауды талап еткен қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмады.

Бұл жөнінде музыканттың өзі Инстаграм парақшасында хабарлады. «Ар-намыс пен абыройды қорғау» бойынша сотқа түскен шағым бойынша азаматтық істе Қазақстан ІІМ жауапкер болған.

Музыканттың айтуынша, бірінші инстанциядағы алғашқы сот отырысы 19 мамырда өткен. Рузахуновты қорғау тарабы соттан 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда ол бойынша таратылған ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп танып, ресми түрде кешірім сұрауды талап еткен.

Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Алматыда қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан. Ізінше мемлекеттік телеарналар Алматыдағы бүлікке байланысты ұсталған адам туралы видео жариялап, оны «тәртіпсіздікке қатысқан» күдіктілердің бірі ретінде атаған. Видеода бет-жүзінде соққының ізі бар ер адам «Қырғызстанда жұмыссыз қалғанын, содан соң Қазақстандағы қарсылық митингісіне қатысуға келісім беріп, 90 мың теңге алғанын» айтады.

Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, белсенділер оны Қазақстан билігінен оны босатуды талап еткен. Кейінірек оның босатылғаны белгілі болды.

Рузахуновтың айтуынша, онлайн сотта Алматы қалалық полиция департаменті, Қазақстан ІІМ, мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасы өкілдерінен жауап алынған.

Тараптарды тыңдаған сот оның шағымын қанағаттандырмаған.

Бұған дейін сараптама Рузахуновтың денсаулығына ауыр зақым келгенін анықтаған еді. 2022 жылы Рузахунов Қазақстаннан өтемақы талап ететіні хабарланған.

Қазақстанда Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 2022 жылы мамырда ол Алматыдағы тергеу шараларына бармағаны үшін істің уақытша тоқтағаны белгілі болған. 2022 жылы қыркүйекте тергеу амалдары қайта жалғасты. Музыкант өзін ұрып-соққан оннан астам полицейді таныған. Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты қырғыз милициясы да қылмыстық іс қозғаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий