Астана «Қытайдағы этникалық қазақтардың қысым көруіне» қатысты түсінік берді (видео)

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді Қытайда қуғын көріп жатқан этникалық қазақтарға қатысты мәселеге түсініктеме берді.

Оның сөзінше, қиындыққа ұшырап отырған этникалық қазақтар Қазақстанға келіп, оралман мәртебесін алған. Бірақ Қытайда тұрақты тіркеуден шықпай, сол елдің жеңілдіктерін алып келген.

«Олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Себебі олар тұрақты тіркеуден шықпағандықтан қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отырған. Сол себепті жергілікті билік бұған тыйым салып отыр. Сондықтан біз жеңілдіктер жасағанда оны жан-жақты қарап, Қытайдың талаптарына қайшы келмейтіндей жасауымыз керек. Бұл мәселе бойынша Қытай үкіметімен келіссөз өткізіп жатырмыз. Мен ертең өзім Үрімжіге шығамын. Сол жақтағы қазақ диаспорасының мәселелерін талқылауға барамын»,- деді Мұхтар Тілеуберді.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар.

Бұған дейін Қытайдан келген оралмандар Алматыда туыстарын Қытайда заңсыз ұстап отырғанына наразылық танытып, әкімдіктен бейбіт шеруге рұқсат сұраған.

centralasian.org

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий