Астанада бүгін 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сот үкімі бойынша аппеляциялық сот отырысы басталды. Экс-министрдің адвокаты Бишімбаевты сотқа қатыстыртуға өтініш жасады. Іс бойынша сотталғандардың адвокаттары да қорғап отырған азаматтарды отырысқа қатыстыртуды сұрады.
Бишімбаевтың адвокаты сотталушылардың бірінде бұрынғы министрге қатысты жаңа деректері барын айтып түсіндірген. Әзірге, сот алқасы өтінішке жауап бермеген.
Наурыз айында «Бәйтерек» холдингін басқарған кезде “мемлекет қаржысын жымқырды” деген айыппен бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев он жылға сотталған. Іс бойынша айыпталған жиырмадан астам адамның бірнешеуі тергеу айыптарын мойындап, тергеу органдарымен келісімге келген. Сот оларға бас бостандығынан айыратын жаза қолданбаған немесе аз жылға соттаған.
Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айыптау жақта өзінің кінәлі екенін дәлелдейтін дәлелдер жоғын айтып келді. Сот процестері кезінде Бишімбаев екі рет президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, “ештеңеге қарамастан” президентке “өте адал” боп қалатынын жеткізді. Сот үкімі бойынша оған мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынған. Сот мүліктерін тәркілеуді бұйырған.
Президенттік “Болашақ” стипендиясының түлегі Қуандық Бишімбаев 2017 жылдың қаңтар айынан бері қамауда. Ол Қазақстан үкіметіндегі ең жас министрлердің бірі. Ол 36 жасында министр болды.